30 игі іс: құтқарушылар жас ұрпаққа қамқорлық пен қауіпсіздік негіздерін үйретуде

30 игі іс: құтқарушылар жас ұрпаққа қамқорлық пен қауіпсіздік негіздерін үйретуде

  Қазақстан ТЖМ 30 жылдығына арналған «30 игі іс» республикалық акциясы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде құтқарушылар балалар мен жасөспірімдерге пайдалы және қамқорлыққа толы іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Бұл акциялар құтқарушы мамандығын танытуға, жас буынды қауіпсіздік ережелеріне үйретуге және азаматтық қорғау қызметіне деген сенім мен құрметті арттыруға бағытталған.

  Ақмола облысында құтқарушылар Көкшетау қаласындағы №11 мектептің оқушысы, жас батыр Торлыбек Әбілмансұрға экскурсия ұйымдастырды. Ол екі жыл бұрын өртті байқап, өрт сөндірушілерді шақырған. Осы батылдығы үшін ТЖМ тарапынан марапатталған. Мамандандырылған №2 өрт сөндіру бөліміне келген Торлыбекке техника мен құтқарушылардың жұмысын таныстырып, естелік сыйлықтар табыс етілді. Торлыбек өрт сөндіруші болуды армандайды, бұл кездесуі оның болашақ мамандығына маңызды қадам болды.

  Ақтөбе облысында құтқарушылар Әлеуметтік қамсыздандыру орталығының тәрбиеленушісі Айболат Жұмағалиевтің арманын орындады. Ақтөбе қаласындағы №25 өрт сөндіру бөлімінде ол уақытша нағыз құтқарушы сияқты сезінді: арнайы киім киіп, техника мен құрал-жабдықтармен танысты, сондай-ақ өртті сөндіру жаттығуына қатысты. Айболатқа құрмет пен қолдау белгісі ретінде естелік каска мен «Құрметті жас құтқарушы» грамотасы табыс етілді.

  Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар балалар үйінде оқыту іс-шарасын өткізді. Тәрбиеленушілер мен тәрбиешілерге өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелері, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдар және өрт сөндіргішті пайдалану тәртібі түсіндірілді. Балалардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында викториналар мен байқаулар ұйымдастырылды. Шара соңында құтқарушылар балалар үйіне пайдалы сыйлық — өрт сөндіргіш табыс етті.

  Жамбыл облысында құтқарушылар Тараз қаласындағы №46 мектеп оқушыларына арнап ашық есік күнін ұйымдастырды. Оқушылар құтқарушы мамандығының қыр-сырымен танысып, заманауи жабдықтарды – суасты, альпинистік құралдар мен авариялық-құтқару көліктерін көрді. Шара барысында практикалық көрсетілім және  балалардың зейіні мен топтық жұмысына бағытталған қызықты психологиялық ойын өткізілді. Мұндай кездесулер балаларға құтқарушы мамандығының маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

  Жетісу облысында Талдықорған қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде де ашық есік күні өтті. Іс-шараға мектеп оқушылары, студенттер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер қатысты. Қонақтар арнайы киім киіп, өрт сөндіру техникасының руліне отырып, оқу-жаттығуларды тамашалап, алғашқы көмек көрсету шеберлік сағаттарына қатысты. Ерекше қызығушылық тудырған сәт – қызметтік ит Лордпен жұмыс істеген кинологтың көрсетілімі болды. Шара балаларға ұмытылмас әсер сыйлады.

  Қызылорда облысында құтқарушылар Қызылорда қаласындағы мектептерде жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдарға арналған сабақтар өткізді. Оқушыларға эвакуациялау жолдары, өзін-өзі қорғау тәсілдері және қауіпсіз аймақтар туралы түсіндірілді. Практикалық жаттығулар балалардың алған білімдерін бекітуге көмектесті. Басты мақсат — қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, төтенше жағдайларда дұрыс және жедел әрекет етуге үйрету.

  Әрбір іс-шара – бұл жай ғана оқыту немесе мерекелік кездесу емес, болашақтың қауіпсіз әрі саналы ұрпағын тәрбиелеуге қосылған маңызды үлес. Құтқарушылар қамқорлық, білім беру және өскелең ұрпақпен тікелей қарым-қатынас арқылы азаматтық қорғаныс қызметінің ашықтығын, кәсібилігін және адамгершілік болмысын айқын көрсетіп келеді.