Өңірлерде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілуде

Өңірлерде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілуде

  Еліміздің өңірлерінде 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасуда. Елді мекендерде су басу қаупін азайту мақсатында кешенді инженерлік шаралар жүзеге асырылуда.

  Шымкент қаласында Абай ауданының Игілік, Жаңаталап, 20 жылдық Тәуелсіздік және Көкбұлақ тұрғын алқаптарындағы Бадам өзенінің бойында жағалау нығайту жұмыстары жалғасуда. Жалпы ұзындығы 6,8 км құрайды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде үнемі мониторинг және  тексеру жұмыстары жүргізілуде.

  Ақмола облысында Сандықтау ауданының Балкашино ауылында Жабай өзенінің арнасын тереңдету және кеңейту жұмыстары жүргізілуде, бұл үшін жер қазу техникасы қолданылады. Бұл жұмыстар көктемгі су тасқыны кезінде өзен арнасы бойымен өтетін су көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Максимовка ауылында инженерлік қорғау шаралары мен су ағыны жүйесін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

  Жамбыл облысында Қордай ауданы аумағында инженерлік құрылыстардың, оның ішінде бөгендер, бөгеттер және су өткізгіш арналардың жай-күйіне баға берілді. Ырғайты өзенінің арнасында жағалауды тазалау және нығайту жұмыстары жүргізілді, бұл көктемгі су тасқыны суын тиімді ағызуды қамтамасыз етеді.

  Қостанай облысында қорғаныш құрылыстарын нығайту және салу жұмыстары жалғасуда. Қостанай ауданының Алтынсарин ауылы маңында Тобыл өзенінің арнасын тазалау және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыс аумағындағы автомобиль жолдарында су өткізгіш құбырларды жөндеу және тазалау жұмыстары орындалуда.

  Шығыс Қазақстан облысында Үлбі, Бұқтырма, Березка, Нарын, Қараөзек, Уланка, Глубочанка, Кіші Үлбі, Қалжыр өзендерінің арналарын түзету, тереңдету және тазалау жұмыстары жүргізілуде. Алтай, Ұлан, Глубоков және Үлкен Нарын аудандарында арықтар мен су өткізгіш арналарды жасау жұмыстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар жағалау нығайту құрылымдарын орнатуға, құрылыстардың жиегін нығайту, үйінді жасау және тегістеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде.

  Барлық жұмыстар жоспарлы жүзеге асырылуда және тұрақты бақылауда. Аталған шаралардың өткізілуі өңірлердің су тасқыны кезеңіне дайындық деңгейін айтарлықтай арттырады және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үйлердің, инфрақұрылым объектілерінің және ауыл шаруашылығы жерлерінің сақталуына кепіл болады.