Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов жұмыс сапары барысында Абай облысы Бородулиха ауданының Петропавловка ауылында жаңа өрт сөндіру пунктін ашты.
Ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов те қатысты. Ол ауылдық жерлерде өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту маңызды екенін атап өтті.
Жаңа өрт сөндіру пункттерінің құрылысы төтенше жағдайлар министрінің бастамасымен қолға алынған ауқымды «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
«Өңірдің өртке қарсы қауіпсіздігін нығайту жолында тағы бір маңызды қадам жасағанымызға қуаныштымын. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының арқасында біз тек жаңа нысандар салып қана қоймай, оларды арнайы техникамен, көліктермен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етудеміз. Құтқарушылар радиостанцияларды қоса алғанда, барлық қажетті жабдықтарды жеткізді. Бұл төтенше жағдайларға тиімді әрі жедел ден қоюға мүмкіндік береді», – деп ТЖМ басшысы атап өтті.
Ведомство басшысы еріктілерге өрт сөндіру автоцистернасының кілтін табыс етті.
Кезекші ауысымға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды. Жаңа өрт сөндіру пунктінде демалу бөлмесі, ас үй, сондай-ақ жаттығу құралдарымен жабдықталған спорттық аймақ қарастырылған. Бұл өрт сөндірушілердің дене даярлығын арттырып, кез келген төтенше жағдайға әрдайым дайын болуына мүмкіндік береді.
Жаңа өрт сөндіру пунктінің қызмет көрсету аймағына жалпы халық саны бір жарым мыңнан асатын бес елді мекен кіреді. Құрылған инфрақұрылым тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырып, жедел ден қоюға дайындықты қамтамасыз етеді.