Семейде алғашқы әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды

Семейде алғашқы әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды

   Семей қаласында соңғы отыз жылда алғаш рет заманауи әмбебап құтқару бөлімшесінің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа нысан ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен рекордтық қысқа мерзімде — небәрі төрт айдың ішінде, тез тұрғызылатын модульдік конструкциялардың көмегімен салынды.

  Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов бөлімшенің құрылысы азаматтық қорғау жүйесін дамытудың маңызды қадамы екенін атап өтті:

  «Бұл нысан – Семей қаласы мен облыстағы мыңдаған тұрғынның қауіпсіздігінің кепілі. Құрылысқа «Демеу» республикалық қоры қолдау көрсетті, ал бөлімшені қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге Қазақстан құтқарушылары қоры көмек берді. Бұл – мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігерінің нәтижесі».

  Ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли, өрт сөндіру қызметінің ардагерлері мен қала тұрғындары да қатысты.

  Бөлімше өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысын біріктіріп, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға тәулік бойы дайын болуын қамтамасыз етеді. Мұнда тиімді қызмет атқаруға барлық жағдай жасалған: жаңа техника, заманауи диспетчерлік пункт, арнайы техникаларға арналған кең гараж, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер, асхана және кезекші ауысымдарға арналған демалыс бөлмелері бар.

  Қызметкерлердің дене дайындығына ерекше көңіл бөлінген – нысан аумағында заманауи жаттығу құрылғылары мен октагоны бар «Batyr team» фитнес орталығы ашылды.

  Жаңа кешен Семей қаласының тұрғын секторын және оған іргелес аумақтарды қамтып, өңірдің өртке қарсы қорғалу деңгейін айтарлықтай арттырады.

  Әмбебап бөлімшенің жанына қызметтік тұрғын үй салу жоспарда бар, бұл қызметкерлерге өмір сүру және қызмет атқару үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.