ТЖМ 30 жылдығы: Азамат Жаналиннің ерлігі

ТЖМ 30 жылдығы: Азамат Жаналиннің ерлігі

  Актөбе облысының Ырғыз ауданында есімі әріптестері мен жергілікті тұрғындар арасында құрметке ие азамат бар. Азаматтық қорғау майоры Азамат Жаналин қызмет жылдары ішінде кез келген сәтте көмек көрсетуге дайын екенін бірнеше мәрте дәлелдеді. Оның жұмысы тек кәсіби борыш емес, күнделікті ерлік пен адалдықтың үлгісі болып табылады.

  Міндетіне адалдық, ерлік пен жанқиярлық танытқаны үшін азаматтық қорғау майоры Азамат Жаналин Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен мемлекеттік награда «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат оның жүздеген адамның өмірін құтқару жолындағы және төтенше жағдайлардың алдын алудағы ерлігі мен жанқиярлығын мойындаудың символы болды.

  Өткен жылы ғана оның басшылығымен құтқарушылар қауіпті жағдайлардан жарты мыңнан астам адамды қауіпсіз жерге шығарды. Жайсанбай мен Құйылыс ауылдарындағы су тасқыны кезінде ондаған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар су астында қалды. Дегенмен уақытылы және жүйелі эвакуацияның арқасында ешкім зардап шекпеді. Тұрғындар ең қиын сәттерде оның жетекшілігіндегі құтқарушылар бірінші болып көмекке келгенін жылулықпен еске алады.

  Өткен қыс айрықша есте қалды, себебі «Самара – Шымкент» тас жолында құтқарушылар ауа райының қолайсыз жағдайында қалған жолаушыларға бірнеше рет көмекке шықты. 21 қаңтарда тоғыз шетелдік азамат мінген автобус эвакуацияланды, ал келесі күні тағы бір жағдай болды: 84 жолаушы мінген  автобус қар құрсауында қалды, олардың арасында әйелдер мен балалар да болды. Жүйелі және жылдам әрекеттердің арқасында барлығы қауіпсіз жерге аман-есен жеткізілді. «Әр минуттың маңызы барын түсіндік», — дейді әріптестері. Дәл осы минуттарда адамдардың өмірі құтқарылды

  Оның қызметі тек төтенше жағдайларға ден қоюмен шектелмейді. Ол өз бөлімшесімен бірге алдын алу жұмыстарын белсенді түрде атқарады: тұрғын үйлерді аралап, рейдтер өткізеді, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.