Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай еліміздің барлық өңірлерінде «30 игі іс» қайырымдылық акциясы кең көлемде жүзеге асырылуда. Осы бастаманың маңызды әрі ізгі кезеңдерінің бірі – ТЖМ құтқарушылары мен әскери қызметшілерінің қатысуымен өткен ерікті қан тапсыру акциясы болды.
Алматы ТЖД қызметкерлері «Бір тамшы қан — бір өмір» қайырымдылық акциясына қатысты. «Қамқор» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырылған акция барысында 50 қызметкер өз еркімен қан тапсырды. Өмірді құтқару — ТЖМ қызметкерлері үшін абыройлы міндет, ал бүгін олар бұл игі істі қызметтен тыс уақытта, жүрек қалауымен атқарды.
Батыс Қазақстан облысы ТЖД қызметкерлері кәсіби және азаматтық борыштарын атқарып, қан тапсыру арқылы бір тамшы қанның өзі мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін көрсетті. Донор болу – тек мейірімділік әрекеті ғана емес, сондай-ақ жоғары деңгейдегі әлеуметтік жауапкершілік.
Ал Қызылорда облысы ТЖД құтқарушылары «Донор бол, өмір сыйла!» атты акция ұйымдастырып, қан қорын толықтыру арқылы мұқтаж жандарға көмек көрсетуге үлес қосты. Іс-шара қатысушылары қант деңгейін, гемоглобин көрсеткішін анықтау және аурулардың бар-жоғын тексеру сияқты толықтай медициналық тексеруден өтті. Осыдан кейін ғана әлеуетті донорлар қан тапсыруға жіберілді.
Есет батыр Көкіұлы атындағы 20982 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де бұл игі іске белсенді атсалысты. Олар өз еріктерімен донор атанып, қоғамға нақты үлгі көрсетті. Олардың айтуынша, қан тапсыру – әрбір азаматтың өз халқы алдындағы жауапкершілігін білдіретін маңызды қадам.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі аталмыш акцияға атсалысқан барлық қызметкерлерге және қатысушыларға ризашылығын білдіреді. Донорлық – бұл өмірді құтқарудың жолы, ал оған барған әрбір жан – біздің қоғамның адамгершілікке негізделген, біртұтас болуына үлкен үлес қосушы.