2025 жылғы 4 қыркүйекте Чолпон-Ата қаласында қырғыз тарапының төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіру кеңесінің 16-шы отырысы өтті.
Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов басқарды.
Отырысқа Қырғыз Республикасының, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Ресей Федерациясының төтенше жағдайлар ведомстволарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ ҰҚШҰ хатшылығының өкілдері қатысты. Талқылау барысында азаматтық қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және төтенше жағдайларға бірлесіп ден қоюға бағытталған кең ауқымды мәселелер қаралды.
Зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатында халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл перспективаларына, 2026 жылы ҰҚШҰ Ұжымдық жедел ден қою күштерінің бөлімшелерін тарта отырып, Тәжікстан Республикасында өткізілетін «Скала-2026» арнайы оқу-жаттығуларына дайындыққа, сондай-ақ ҰҚШҰ жауапкершілік аймағында гуманитарлық ден қою жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құруға ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлескен жұмысының негізгі бағыттарын айқындайтын 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары мен хаттама бекітілді.
ҰҚШҰ төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті 17-ші отырысын 2026 жылы Ресей Федерациясында өткізу жоспарлануда.