Қарағанды облысында өрт сөндіру техникасының кілттерін салтанатты түрде табыс ету рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камалов пен облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков ауылдық округтер әкімдеріне 12 бірлік өрт сөндіру техникасын табыс етті.
Бұл техника жаңадан құрылып жатқан ерікті өрт сөндіру құралымдарын жарақтауға арналған. Бұған дейін осы бағдарлама аясында облыстың тоғыз елді мекеніне 9 бірлік техника берілген болатын.
Сонымен қатар облыс әкімдігі ғимаратында аудан әкімдерімен кеңес өтті. Онда өрт қауіпсіздігін арттыру, ерікті өрт сөндіру құралымдарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Өрт сөндіру және төтенше жағдайлардың салдарын жою жұмыстарына тартылатын еріктілерді дайындау мен оқытуға ерекше көңіл бөлінді.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында ауылдарда қажетті техникамен және жабдықтармен қамтылған ерікті өрт сөндіру құралымдары құрылуда. Бұл төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға, ауылдық әкімдіктердің жедел әрекет ету дайындығын арттыруға және ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғауға мүмкіндік береді.