30 жыл — өмір жолы: ТЖМ-мен құрдас құтқарушылардың оқиғалары

30 жыл — өмір жолы: ТЖМ-мен құрдас құтқарушылардың оқиғалары

  Биыл Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл толып отыр — бұл үш онжылдық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жолындағы табанды қызмет кезеңі. Ведомствомен бірге оның ержүрек қызметкерлері де есейіп, шыңдалып, өз ісінің кәсіби мамандарына айналды. Құтқарушы күні қарсаңында біз сіздерге ТЖМ құрылған жылы дүниеге келіп, өз өмірін адам өмірін құтқару жолына арнаған жандар туралы айтамыз.

  Сұлтан Мұқатов — Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Байзақ ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің азаматтық қорғау кіші сержанты, өрт сөндіруші-құтқарушы. Ол 1995 жылдың 19 қазанында, яғни ТЖМ құрылған жылы туған. Азаматтық қорғау органдарындағы қызметін 2020 жылдың қыркүйегінде бастады. Алғашқы күндерден-ақ жауапкершілігі жоғары, тәртіпті әрі құтқару ісіне адал маман ретінде көзге түсті.

  2021 жылы Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстардың салдарын жою кезінде Сұлтан жарақат алды. Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ол мемлекеттік награда — «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бүгінде ол қызметін жалғастырып, кез келген жағдайда әрекет етуге дайындықтың жоғары деңгейін, мамандығына деген адалдық пен табандылықты көрсетіп келеді.

  Санжар ӨтежановКөкшетау қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау аға сержанты. Ол Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған күннен бір апта бұрын туған. Оның кәсіби жолы ведомство тарихымен тығыз байланысты. Ақмола облысы Зеренді ауданынан шыққан Санжар бала күнінен қиындыққа төзіп, ауыр еңбекке үйренген. Қызметтегі сегіз жыл ішінде ол талай рет дабыл бойынша шақыртуларға шығып, өрт сөндіру мен төтенше жағдайларды жоюға қатысты. Әріптестері оны сенімділігі, сабырлылығы және кәсіби біліктілігі үшін ерекше бағалайды.

  Санжардың өзі былай дейді: «Мен үшін ТЖМ-мен құрдас болу — үлкен абырой. Біз онымен өмір жолын бірге өткендейміз, иық тірестіре келе жатқандаймыз».

  Сұлтан мен Санжардың өмір жолдары — батылдықтың, борышқа адалдықтың және қоғамға шынайы қызмет етудің айқын үлгісі. Олар Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылы жай ғана мерзім емес, адам өмірін құтқаруға өзін арнаған жандар жазып келе жатқан тағылымды тарих екенінің жарқын дәлелі.