2026 жылғы су тасқыны маусымы қарсаңында елімізде су басу қаупін азайтуға және халық пен инфрақұрылымды қорғауға бағытталған белсенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое ауданының Прогресс ауылында Глубокое өзенінің арнасын тазарту, түзету, тереңдету және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл оның өткізу қабілетін едәуір арттыруға және су тасқыны қауіпін азайтуға мүмкіндік береді. Аталған іс-шаралар 2025 жылғы инженерлік жұмыстар жоспарына енгізілген және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақтөбе облысында ТЖ департаменті Байғанин және Темір аудандарында су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтті. ТЖ жөніндегі кезектен тыс комиссияның отырыстары өткізілді, онда проблемалық мәселелер — өзен арналарының, су өткізу және гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі қаралды. Құбырларды тазарту, инертті материалдарды жинау және халықты қорғау үшін қосымша бөгеттер салу туралы тапсырма берілді.
Қызылорда облысында су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар белсенді жүргізілуде. Қызылорда қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы бойында Сырдария өзенінің қорғаныш бөгетін нығайту және жолдарды реконструкциялау жұмыстары атқарылуда. Аудандарда дайындық жұмыстары да жүргізілуде.
Түркістан қаласында су тасқыны суын қауіпсіз бұруға арналған Шаға каналының құрылысы аяқталуға жақын. Нысанның дайындығы 90% құрайды. Үш кезеңнен тұратын бұл канал секундына 22 текше метрге дейін суды өткізе алады. Жобаның аяқталуы қаладағы су басу қатерін едәуір азайтады.
Аталған іс-шараларды жүргізу — су тасқыны кезеңіне кешенді дайындықтағы маңызды қадам. Бұл тек қауіп деңгейін төмендетіп қана қоймай, халықты және инфрақұрылым нысандарын сенімді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.