Жазғы кезеңде елімізде көппәтерлі тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлау жағдайлары жиілеп кетті. Қайғылы оқиғалардың негізгі себебі ересектер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы және балаларды қараусыз қалдыру болып қала береді.
ТЖМ осындай оқиғалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қызметкерлер жүйелі негізде тұрғын үйлер бойынша рейдтік іс-шаралар өткізеді, оның барысында тұрғындармен профилактикалық әңгіме жүргізіледі.
Республика аумағында «Қауіпсіз терезе» акциясы іске асырылуда, оның шеңберінде халықтың әлеуметтік осал санаттарындағы үйлерде қауіпсіздік құлыптары мен арнайы блокираторлар орнатылады. Жыл басынан бері еліміз бойынша ТЖМ құтқарушылары терезелерге 3 287 қауіпсіздік құлпын орнатты.
Мегаполистерде алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Астана қаласы ТЖД, ювеналды полиция қызметкерлері аудандық әкімдіктер мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының өкілдерімен бірлесіп көпқабатты тұрғын үйлерде профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізді. Аралау барысында мамандар тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, пәтерлерде, әсіресе ыстық мезгілде, терезелер мен балкон есіктері жиі ашық тұрған кезде қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын еске салды. Ата-аналар мен заңды өкілдерге жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша ұсыныстар берілді.
Алматы қаласының ТЖД алдын алу науқанын бастады. Барлық мектептер мен балабақшаларда жүріс-тұрыс қағидалары бойынша сабақтар мен оқыту ойындары өткізілді, тұрғындармен кездесулер өткізілді. «Мобильді қауіпсіздік мектебі» жұмыс істейді, лагерьлерде 100-ден астам бала оқытылды. Қауіпсіздік шаралары туралы еске сала отырып, SMS таратылды.
Атырау облысы ТЖД құтқарушылары тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Рейд кезінде олар ата-аналарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, арнайы жадынамалар таратады. Кейбір отбасылардың үйлеріне терезе қорғанышы тегін орнатылады.
Түркістан облысы ТЖД құтқарушылары көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, тұрмыста қауіпсіз жүріс-тұрыс туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
ТЖМ азаматтарды балаларға, әсіресе жазғы кезеңде барынша мұқият болуға шақырады. Баланың қауіпсіздігі – ересектердің қолында. Қарапайым сақтық шаралары адам өмірін құтқарады.