ШҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы Болат Нұрдыбаевтың айтуынша от тек мықты рухты адамдар ғана бағындыра алатын табиғаттың бір стихиясы. Өрт сөндірушілер тілсіз жаудың жойқын күшіне күн сайын дерлік қарсы тұрып келеді.
Болат Нұрдыбаев өртке қарсы қызмет саласында 30 жыл еңбек етіп келеді. Үш онжылдық бойы халықты төтенше жағдайлардан қорғау жолында жүрген ол ең қауіпті стихиялардың бірі — отпен күн сайын арпалысады. Жүздеген адамның өмірін құтқарды, өрттерді сөндірді және апаттардың алдын алды. Осы жылдар ішінде ол талай рет өз өмірін қатерге тігіп, түрлі қиындықтарды еңсерді.
«Нағыз өрт сөндіруші – ерекше қасиетке ие адам. От мықты адамдардан ғана қаймығады, бірақ оны жеңу үшін отпен тең дәрежеде қарым-қатынас жасау керек. Оны жеңемін деген мақсат қойған кезде ғана жетістікке жету мүмкін. Оттың қыр-сырын зерттеп, оны жүрекпен түсініп, сезіну қажет. Ал ондай түсінік пен сезім тек тәжірибемен келеді», – деді полковник Нұрдыбаев.
Оның жолы кездейсоқ басталды. 8-сыныптан кейін Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектепке түсіп, алғаш рет тәртіптілік, патриотизм мен Отанға қызмет етудің мәнін ұғынды. Кейін әскер қатарындағы борыш, өрт сөндіру бөлімдеріндегі жылдар, ондаған ірі төтенше жағдайлар. Болат Нұрдыбаев қарапайым өрт сөндірушіден тәжірибелі басшыға дейінгі жолды жүріп өтті. Ол өрт сөндіру бөлімшелерінде, кезекші қызметтерде еңбек етіп, талай ірі өртті сөндіру жұмысына басшылық етті. Қызмет атқарып жүріп-ақ ол жас кезінде тек сыртынан ғана қарап өтетін Алматы жоғары өрт-техникалық училищесін тәмамдады. Ол кезде бұл оқу орны оның өмірімен осылай тығыз байланысты боларын өзі де білмеген еді.
Есте сақталып қалған оқиғалардың бірі – 1998 жылы металл қабылдау зауытындағы өрт. Полковниктің айтуынша ол кезде экипировка өте қарапайым болған: брезенттен тігілген форма, шахтер шамы және су қоры аз «ЗИЛ-130» көлігі. Температура, жанып жатқан май мен қою ащы түтінге қарамастан, өрт сөндірушілер мойымады, өзара үйлесімділік пен ерлік оларға стихияны жеңуге көмектесті. Болат Нұрдыбаев Шығыс Қазақстан облысының Семей, Марқакөл, Самар және басқа да аудандарында болған ірі орман және дала өрттерін сөндіруге де қатысты. Ол кезде жалын бидай алқаптарына жақындап, ауылдарға қауіп төндірген еді.
Бүгінде Болат Нұрдыбаев қызметін жалғастырып қана қоймай, өз тәжірибесін жас құтқарушыларға үйретіп, оларды мамандыққа деген құрметке, тәртіпке және жауынгерлік рухқа баулып жүр.
«Жас құтқарушыларға өз мамандығын құрметтеуді, оны терең меңгеруді, аға буыннан үйренуді және таңдаған жолдарына мақтанышпен қарауды үйретемін. Қазіргі таңда жеке құрамда отты жеңуге барлық мүмкіндік, атап айтқанда жаңа жабдық, заманауи техника, жетілдірілген құрал-саймандар бар. Мені осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін», – дейді ол.