ТЖМ ауылдарды қорғауды күшейтуде: Алматы облысында «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттеріне инспекция жүргізілді

ТЖМ ауылдарды қорғауды күшейтуде: Алматы облысында «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттеріне инспекция жүргізілді

  ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының іске асырылуын мониторингілеу аясында жұмыс сапарымен Алматы облысына барды.

  Алматы облысында 1,5 млн астам адам тұратын 373 елді мекен бар. Бұл ретте 54 ауыл жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімдерінен 20 км астам жерде орналасқан, бұл ден қою уақытын арттырады. Мұндай жағдайда «Ауыл құтқарушылары» бекеттері қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және көмек келу уақытын қысқартуда аса маңызды рөл атқарады.

  Сапар барысында Ерлан Төрегелдиев аудандарға барды:

  Талғар ауданында Панфилов, Ават және Бәйтерек ауылдарындағы бекеттерді қарап, техника мен жабдықтардың жай-күйін тексерді, сондай-ақ ауыл әкімімен кездесу өткізіп, «АВСЖ Строй» ЖШС-мен бірлесіп Балтабай ауылында жаңа бекет салу мәселесін талқылады;

  Ұйғыр ауданында Шарын ауылында бекет және Шонжы ауылында өрт сөндіру депосын салу үшін жер телімдері қаралды;

  Кеген ауданында «Көлсай көлдері» ұлттық паркіндегі механикаландырылған бекет тексерілді, Саты ауылында бекет салу мәселесі талқыланды, сондай-ақ Ұзынбұлақ және Кеген ауылдарындағы жаңа нысандар қаралды;

  Райымбек ауданында  Нарынқол ауылындағы жаңа өрт сөндіру депосы тексерілді;

  Жамбыл ауданында Ақтерек және Қазыбек бек ауылдарындағы бекеттердің құрылысы қаралды, сондай-ақ «Ақтерек» шаруа қожалығының басшылығымен кездесу өткізілді. Аталған бекеттердің ашылуы 13 мың тұрғыны бар 9 ауылды қамти отырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады;

  Қарасай ауданында Жібек жолы ауылындағы өрт сөндіру депосының құрылысы тексерілді;

  Балқаш ауданында Бақанас ауылында өрт сөндіру депосы және Қолды ауылында бекет салу үшін жер телімдері қаралды.

  Сапар қорытындысы ретінде Қонаев қаласында Алматы облысы әкімдігінің басшылығының қатысуымен кеңес өтті. Жиында материалдық-техникалық базаны нығайту және жаңа нысандарды жедел пайдалануға беру бойынша басым бағыттар жария етілді.