Өрт қауіпті маусымда өңірлерде өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілуде. Төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында таулы, туристік және табиғи аймақтарда профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізіледі.
Алматы облысында орман өрттерінің алдын алу және табиғатта қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру бойынша жұмыстар жанданды. ТЖД қызметкерлері үнемі рейдтік іс-шаралар, түсіндіру жұмыстары мен оқыту сабақтарын өткізеді. Туристік орындарға, жаппай демалыс орындарына және балалар сауықтыру лагерлеріне ерекше назар аударылады.
Ұйғыр ауданының «Подгорное» лагерінде өрт қауіпсіздігі және алғашқы медициналық көмек ережелері бойынша сабақтар өтті. «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде, Шарын шатқалында және Шоғансай көркем аймақтарында құтқарушылар түсіндірме әңгімелер өткізіп, жадынамалар таратып, ескерту белгілерін орнатты. Осыған ұқсас шаралар «Орта Меркі» демалыс аймағында да қабылданып, онда өртке қарсы құрал-жабдықтардың дайындығы тексерілді және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілді.
Абай облысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында ТЖД қызметкерлері, полиция және орман инспекторлары бірлесіп рейдтер жүргізеді. Басты міндет өрттің алдын алу және халық арасында жауапты мінез-құлықты қалыптастыру. Азаматтарға орман алқаптарының маңында от жағуға және қоқыс өртеуге тыйым салынатыны туралы ескертіледі.
Маңғыстау облысы ТЖД қызметкерлері рейдтік іс-шара өткізді. Мұнайлы ауданында ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, қоқысты заңсыз жағу фактілері анықталды. Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Профилактикалық жұмыстар жалғасуда.
Барлық өңірлерде өрт қауіпті кезеңде өртке қарсы режимнің сақталуын бақылау күшейтілетін болады. Басты мақсат – азаматтардың өмірін, денсаулығын және еліміздің табиғи байлығын сақтау.