2025 жылғы 31 шілдеде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Азаматтық қорғау мәселелері туралы жаңа Заңның негізгі ережелері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Спикер болып ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы ТЖМ-нің үйлестіруші рөлін арттыруды және құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын көтеруді тапсырды.
Осыған байланысты өрт қауіпсіздігі, өндірістік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс және басқа да негізгі аспектілерді қамтитын жаңа Заң жобасын әзірлеу процесі болды.
Аталған заң жобасының іске асырылуы азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік және құқықтық жағдайларын жақсартуға, сондай-ақ төтенше жағдайларды алдын алу және оларды жою жұмыстарының жалпы тиімділігін арттыруға бағытталған.
2025 жылғы 24 маусымда Мемлекет Басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Заң 10 кодекс пен 37 заңға 600-ден астам түзетулер енгізуді көздейді.
Заңнамадағы негізгі өзгерістерді атап өтейін:
Өрт қауіпсіздік.
Адамдар жаппай баратын объектілерде және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ аумақтық органдары пайдалануға беру кезінде олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды шығарады. Бұл норманы енгізу өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзған объектілерді іске қосу және одан әрі пайдалану фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу үшін ауданы 2 мың шаршы метрден асатын сауда объектілерін сақтандыру жүйесі енгізілуде.
Өрт автоматикасын монтаждауға, баптауға және техникалық қызмет көрсетуге рұқсат беру, сондай-ақ Хан Шатыр мен ЭКСПО сияқты объектілерді салуға арналған арнайы техникалық шарттарды келісу жөніндегі нормалар енгізіледі.
Бұдан басқа ірі төтенше жағдайларды жоюға қатысқан кезде өрт сөндірушілерді тамақпен қамтамасыз ету көзделді.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік.
Министрлікке қауіпті өндірістік объектілер мен техниканы қайта жаңартудың жиынтық жоспарын келісу бойынша өкілеттік беріледі. Сонымен қатар, кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін өз меншігінде арнайы ғимараттар мен құрылыстар кешені, оқу-жаттығу полигоны, шаң және газды талдау зертханасы, арнайы техника, аппараттар мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету талап етіледі.
Сонымен бірге қауіпті өндірістік объектілерге қатысты өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырудың ерекше тәртібі енгізілуде.
Қауіпті өндірістік объектілерде зиянды факторлардың пайда болуын алдын алу мақсатында ұйымдарда тікелей басшыға бағынатын жеке өндірістік бақылау қызметін құру міндеті бекітіледі.
Сейсмикалық қауіпсіздік.
Заң сейсмология саласындағы негізгі терминдерді бекітті, жергілікті атқарушы органдарға сейсмикалық аймақтарға бөлу карталарын және сейсмикалық тәуекел карталарын әзірлеу, сондай-ақ оларды бекіту, аймақтарға бөлу мен бағалау жүргізу, сейсмологиялық станциялар желісін және автоматтандырылған ерте құлақтандыру жүйесін кеңейту мен жаңғырту үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлу құзыреті берілді.
Халықты жедел хабардар ету.
Бұдан басқа төтенше жағдайлар қаупі туындаған немес орын алған кезде халықты жедел хабардар ету саласында маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда негізгі түзетулердің бірі жедел-кезекші қызметтің лауазымды тұлғаларына уәкілетті лауазымды тұлғалардың алдын ала бұйрығынсыз-ақ хабарландыру жүйесін өз бетімен іске қосу құзыретін беру.
Мұндай шара шешім қабылдау уақытын едәуір қысқартуға және дағдарыс жағдайында іс-қимылды үйлестіруді жақсартуға мүмкіндік беріп, халықтың қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.
ТЖМ-ге бақылау функциясын беру.
2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ТЖ алдын алу шараларын күшейту, орталық және жергілікті атқарушы органдарға қатысты бақылауды жүзеге асыру үшін ТЖМ құрамында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылғанын атап өткім келеді. Бұл мемлекеттік ден қою жүйесін нығайтуға және халықты қорғауға бағытталған маңызды қадам болды.
Осыған байланысты ТЖ министрлігіне орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге қатысты төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша осы бақылау функциясы қосымша беріледі.
Азаматтық қорғаныс.
Азаматтық қорғаныс саласы бойынша жылжымайтын мүлік объектілері ретінде құқықтық кадастрда қорғаныс құрылыстарын тіркеу енгізілуде. «Қарапайым пана» деген жаңа ұғым енгізілуде, олар негізінен жерасты паркингтері мен жертөлелер, түрлендірілген және халықты қорғауға арналған.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың тиімді жүйесі үшін заңда қосымша тетіктер көзделген.
Жаһандық және өңірлік төтенше жағдайлар болған кезде Үкімет жанынан Республикалық жедел штаб құрылады.
Әкімдіктердің объектілік ауқымдағы төтенше жағдайларды жариялау жөніндегі өкілеттігі кеңейтілуде. Сондай-ақ әкімдіктерге дала өрттерін сөндіруге қатысушыларды материалдық-техникалық жабдықтармен (жанар-жағармай, тамақтану, медициналық көмек) қамтамасыз ету бойынша функциялар беріледі.
Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аумақтық ТЖД-ны азаматтардың жетуі қиын туристік орындарда жүріп-тұруының алдағы бағыттары туралы ақпараттандыру міндеті белгіленеді. Осы норманы енгізу туристік жорықтардан уақтылы оралмаған жағдайда іздестіру іс-шараларын жедел ұйымдастыруды, сондай-ақ қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік материалдық резерв жүйесін орталықсыздандыру.
2027 жылдан бастап жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын басқару функциялары тиісті салада жұмылдыру тапсырмасын орындайтын мемлекеттік органдарға (Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Энергетика министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі) берілетін болады.
Әлеуметтік жағдайды жақсарту.
Заңмен азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында мынадай әлеуметтік кепілдіктер қабылданды:
Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін алу құқығын беру.
Қызметтік ауысым кезінде қызметкерге және оның отбасы мүшелеріне көтерме төлемдерді төлеу, сондай-ақ өз мүлкін тасымалдау шығындарын өтеу (бюджет қаражаты есебінен).
Төтенше жағдай жарияланған жерде міндеттерді орындау кезінде азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерін ақшалай ынталандыру.
Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үйлерді жекешелендіру құқығын беру.
Қызметкерлер медициналық көрсетілімдер бойынша санаторий-курорттық ем алу құқығына ие болды, олардың тізбесі заңға тәуелді актімен бекітілетін болады.
Бүгінде ерікті өртке қарсы құрылымдар ауылдық жерлердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруда маңызды рөл атқарады. Олар үшін Заңда өрт сөндіру кезінде жарақат алған немесе қаза тапқан жағдайда өтемақы төлеу, жалақыны сақтау, сондай-ақ өртті сөндіру кезеңінде негізгі еңбек міндеттерінен босату тәртібі белгіленген.
Заңды іске асыру мақсатында Премьер-Министр тиісті өкімге қол қойды, оған сәйкес 174 заңға тәуелді актіні әзірлеу көзделген.
Қабылданған заң – азаматтық қорғау жүйесін жүйелі жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Бұл құжат бізге тек жаңа өкілеттіктер ғана емес, сондай-ақ жаңа жауапкершілік, жаңа тәсілдер мен ең бастысы еліміздің азаматтарының қауіпсіздігі жолында жаңа деңгейдегі жанкешті еңбек етуді талап етеді.