Іс жүзіндегі инновациялар: өртке қарсы күрестегі жаңа технологиялар

Іс жүзіндегі инновациялар: өртке қарсы күрестегі жаңа технологиялар

  Қазақстанның ТЖМ бөлімшелерінде өрт сөндірудің инновациялық және техникалық жағынан жетілдірілген құралдарын енгізу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.

  Солтүстік Қазақстан облысының ТЖ департаментінде Киров атындағы зауытта жасалған отандық шынжыр табынды өрт сөндіру роботы таныстырылды. Робот сағатына 1 метрге дейін жылдамдықпен қозғалып, суды 70 градусқа дейінгі бұрышпен 65 метр қашықтыққа дейін бере алады. Құрылымдық ерекшеліктерінің арқасында ол опырылу, жарылыс және экстремалды температура қаупі бар аймақтарда жұмыс істей алады. Бұл роботтандырылған өрт сөндіруші — құтқарушылар қауіпсіздігіндегі, әсіресе жетуі қиын жерлер мен төтенше жағдайлардағы жаңа кезеңнің бастауы. Мұндай техниканы енгізу құтқарушылардың қауіпсіздігін айтарлықтай арттырып, төтенше жағдайларды адамдардың өміріне қауіп төндірмей жоюға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

  Өрт сөндіруші қайықтар: су техникасы табиғи өрттерден құтқарады.

  Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының құтқару қызметтері моторлы қайықтарды заманауи мотопомпалармен, лафеттік оқпандармен және өрт жеңдерімен жабдықталды. Бұл жабдықтар табиғи су көздерінен суды тиімді түрде алуға және техника жете алмайтын жерлерде, соның ішінде қамысты және жолсыз учаскелерде өрт сөндіруге мүмкіндік береді.

  Ақмола облысында жаңғырту жұмыстары төрт ауданда: Көкшетау, Зеренді, Аршалы және Бурабай аудандарында жүргізілді. Осындай шаралар Ақтөбе облысында да жүзеге асырылды, мұнда өрт сөндіру қайықтары өзендер мен көлдердің маңындағы қамыстарды сөндіруде белсенді қолданылып жатыр.

  Елдің батыс өңірінде және Қызылорда облысында қайықтарды мотопомпалармен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар құтқарушылар төтенше жағдайлар кезінде жабдықты орнату, пайдалану және үйлесімді әрекет ету бойынша оқу-жаттығулар өткізуде.

  Құтқару бөлімшелерінің техникалық базасын дамыту — халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі. Мұндай жүйелерді енгізу мен техникаларды жаңғырту табиғи және техногендік өрттермен күресу мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтеді.