«Жер-2025» РКШОЖ қорытындысы

«Жер-2025» РКШОЖ қорытындысы

  Жойқын жер сілкінісі туындаған жағдайда азаматтық қорғау қызметтерінің басқару органдарының, күштері мен құралдарының төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға дайындығын арттыру мақсатында «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.

  Сейсмикалық қауіпті өңірлерде тұратын халыққа жер сілкінісі кезінде әрекет ету ережелерін үйретуге және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған кешенді оқу-жаттығу ұйымдастырылды.

  Оқу-жаттығудың теориялық бөлімінде жедел топтар ықтимал жағдайды болжады және шешімдер қабылдау үшін ұсыныстар дайындады. Сейсмикалық қауіпті аймақтарда орналасқан өңірлік жедел топтар жер сілкінісі болған жағдайда туындайтын ахуалды бағалап, азаматтық қорғау аумақтық кіші жүйелерінің жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша іс-қимыл тәртібін пысықтады.

  Оқу-жаттығудың практикалық бөлімінде жойқын жер сілкінісімен байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл, халықты негізгі және резервтік тәсілдермен хабардар ету мен құлақтандыру, сондай-ақ зардап шеккен халықты шатырлы қалашықтарға эвакуациялау және орналастыру мәселелері пысықталды.

  Сонымен қатар ТЖМ әскери бөлімшелері тарапынан ТЖМ жедел резервінен барлық қажетті тіршілікті  қамтамасыз ету   элементтері бар шатырлы лагерьді жеткізу және орнату  жұмыстары пысықталды.

  Әрекеттер жоспарына сәйкес Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында құралған құтқару, медициналық және инженерлік жасақтар төтенше жағдай аймағына жөнелтілді.

  Оқу-жаттығу шеңберінде жойқын жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтауға бағытталған барлық мүдделі қызметтер мен ұйымдарды тарта отырып, 84 тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізілді. Жалпы 5 570 адам және 1 440 бірлік техника, соның ішінде ТЖМ авиациясы тартылды. Зардап шеккен халықты орналастыру үшін 7162 адамға арналған 50 шатырлы лагерь, 4 мобильді госпиталь және 12 далалық басқару пункті орнатылды.

  Сейсмикалық қауіпті өңірлердегі халық көп жиналатын нысандарда 645 сейсмикалық жаттығу өткізіліп, 181 мың адам қамтылды.

  Оқу-жаттығу аясында «Сейсмикалық қауіпсіздік айлығы» өткізілді. Нәтижесінде құтқарушылар 2 665 көпқабатты тұрғын үй мен 19 632 жеке тұрғын үйді аралады, жалпы 123 041 адам қамтылды. Халыққа «Жер сілкінісі кезіндегі 10 қадам» және «Дабыл сөмкесін жабдықтау» тақырыбында жаднамалар таратылды. Зардап шеккен халықты қабылдау пункттерінің орналасқан орны туралы ақпарат жазылған 11 069 QR код орнатылды.