23-24 шілдеде Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі ұйымдастырған «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оқу-жаттығу ТЖ вице-министрі генерал-майор Рамиль Камаловтың басшылығымен өткізілді.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты табиғи апаттардан, атап айтқанда жойқын жер сілкінісінен туындаған төтенше жағдайларға ден қою жүйесін жетілдіру болды.
«Оқу-жаттығу барлық қызметтердің тығыз өзара әрекеттесуімен ғана ауқымды апаттарға тиімді ден қоюға болатынын көрсетті. Біз кез келген төтенше жағдайларға дайындығын күшейту бойынша жұмысты жалғастырамыз», - деп вице-министр Рамиль Камалов атап өтті.
Оқу-жаттығу аясында «Қызғалдақ» көпфункционалды кешенінің базасында заманауи құтқару техникасы мен жабдықтарының көрмесі өтті. Вице-министр Рамиль Камалов «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Шымкент мұнай өңдеу зауытында болды. Зауыт басшылығына өнеркәсіптік қауіпсіздікті және ТЖ кезіндегі іс-қимылға дайындықты күшейту жөнінде ұсыныстар берілді. Кәсіпорын аумағында шартты апатты жою бойынша арнайы оқу-жаттығулар өткізілді.
Оқу-жаттығу кезінде қалалық ескерту жүйесі арқылы «Баршаның назарына!» дабылы берілді. Дүрбелеңге жол бермес үшін тұрғындарға іс-шараның жаттығу сипаты алдын ала ескертілді.
Тактикалық сценарийге сәйкес өңірде шартты жер сілкінісі орын алып, көптеген апаттар мен қираулар болды.
Іс-шараға жеке құрамнан 1600 адам және 200-ден астам бірлік техника және әуе кеме жұмылдырылды. Қатысушылардың қатарында ТЖ, Қорғаныс, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерінің күштері, сондай-ақ Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары ТЖ департаменттерінің өкілдері бар. Жедел штабтар республикалық және қалалық деңгейлерде орнатылды.
Қаланың әртүрлі жерлерінде бірнеше сценарий пысықталды:
Тұрғын үйлердің қирауы және көппәтерлі ғимараттардағы өрттер, бортына 154 адам мінген жолаушылар ұшағының шартты түрде шұғыл қонуы, Шымкент әуежайындағы авариялық жағдай, газ құбырының жарылуы, кейіннен тұрғындар эвакуацияланған тұрғын сектордағы жарылыс, жүк және жолаушылар пойыздарының қатысуымен болған теміржол апаты, аммиактың ағуы мен химиялық зақымдану қаупі, «Тұран» коттедж қалашығы мен «Жас Отау» тұрғын үй кешеніндегі іздестіру-құтқару операциялары.
Шартты зардап шеккендерге алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді, далалық госпитальдар ашылды, сонымен қатар оларды эвакуациялау және уақытша орналастыру қамтамасыз етілді.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша қызметтердің төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға дайындық дәрежесі атап өтілді. Барлық сценарийлер үйлесімді және кәсіби түрде пысықталды. Оқу-жаттығулар азаматтық қорғау жүйесін үнемі жетілдірудің және халық арасында қауіпсіздік мәдениетін арттырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті.