Қазақстанның өңірлерінде «Жер–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілуде

Қазақстанның өңірлерінде «Жер–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілуде

  2025 жылғы 23 шілдеде Қазақстанның барлық өңірлерінде «Жер–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары басталды. Оқу-жаттығулардың мақсаты — жер сілкінісінің салдарын жою кезіндегі мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерінің әзірлігін тексеру және жетілдіру.

  Негізгі назар өзара іс-қимыл механизмдерін тәжірибелік пысықтауға, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдардың үйлесімділігі мен жеделдігін арттыруға бағытталған.

  Ақтөбе облысында оқу-жаттығулар «Дабыл–1001» сигналының берілуінен басталды, одан кейін басқару органдары толық дайындық режиміне көшірілді. «Керуен–2002» сигналы бойынша жер сілкінісі қаупіне әрекет ету жоспарлары іске қосылды. Шымкент қаласына жеке құрамнан 444 адам мен 192 бірлік техника жіберілді. Шартты түрде зардап шеккен тұрғындарды орналастыру үшін 465 004 адамға арналған 264 эвакуациялық пункт дайындалды. Күштер мен құралдарды Шымкентке теміржол және автокөлік арқылы кешенді түрде жөнелту жүргізілуде.

  Шығыс Қазақстан облысында сейсмикалық қауіпті аудандардағы халық пен қызметтердің әрекеттері пысықталды. Сауда орталықтарында, ауруханаларда және қарттар үйлерінде сейсмикалық тренингтер өткізілді. Құтқарушылар альпинистік құрал-жабдықтар мен гидравликалық құрылғыларды пайдаланды, кинологтар үйінділер астындағы адамдарды іздеді, медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті.

  Жетісу облысында негізгі оқу-жаттығу алаңы — Талдықорған қаласында ұйымдастырылды. Индустриялық аймақта 500 адамға арналған шатырлы лагерь құрылды. Эвакуацияланған адамдарды қабылдау және орналастыру іс-шаралары пысықталды, халық арасында жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл ережелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

  Қарағанды облысында «Сары-Арқа» әуежайы аумағында құтқару бөлімшелері дайындық сап түзеп, әуе көлігіне тиеу әрекеттерін пысықтады. Саран қаласында 150 адамға арналған шатырлы лагерь орнатылды. Күштер мен құралдарды апат аймағына жеткізу шаралары пысықталды.

  Қостанай облысында түрлі шартты қирау жағдайлары бойынша сценарийлер пысықталды: көліктердің бұғатталуы, өрттер, жоғарғы қабаттарда зардап шеккендер. Құтқарушылар «Холматро» арнайы техникасы мен құралдарын тиімді қолданып, өздерінің дайындық деңгейін көрсетті.

  Маңғыстау облысында оқу-жаттығу техникасын теміржол көлігімен жөнелту тәжірибесіне ерекше назар аударылды. ТЖ кезіндегі әрекеттер жоспары нақтыланып, төтенше жағдай режимін енгізуге қажетті құжаттар дайындалды.

  Павлодар облысында оқу-жаттығудың облыстық штабы құрылды. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында күштерді теміржол арқылы жөнелту әрекеттері пысықталды. Зардап шеккендерді қабылдау пунктері дайындалды. ТЖ жөніндегі комиссия отырысы өткізіліп, әрекет ету жоспары нақтыланды.

  Ұлытау облысында шартты ТЖ аймағына 401 адам мен 163 бірлік техникадан құрылған топ жіберілді. Колонналарға ілесіп жүру, мектептер мен колледждер базасында қабылдау пунктерінің жұмысы ұйымдастырылды, халыққа арналған жедел байланыс желісі құрылды.

  «Жер–2025» оқу-жаттығулары табиғи апат жағдайындағы іс-қимылдарға кешенді дайындықты бағалауға, барлық құрылымдар арасындағы үйлесімділікті арттыруға және халыққа жер сілкінісі кезіндегі жүріс-тұрыс қағидаларын үйретуге мүмкіндік береді.