Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов Шымкенттегі зерттеу сынақ өрт зертханасының жаңа ғимаратының ашылуына қатысты.
Іс-шараға әкімдік өкілдері, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Бұл өңірдегі осындай бейіндегі алғашқы мамандандырылған зертхана. Ол өрттің себептерін анықтауға, материалдардың жанғыштығын талдауға және өрт қауіп-қатерлерін бағалауға арналған.
Ғимараттың ауданы 105 шаршы метр. Оның ішінде жабдықтары бар зертханалық үй-жай, қызметтік кабинет және гараж бар.
Зертханада екі маман жұмыс істейді. Иелігінде қызметтік автомобиль және материалдардың отқа төзімділігі мен жанғыштығын анықтауға арналған 37 бірлік жабдық бар. Барлық жабдықтар Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығында тексеруден өтті.
Құрылыс сәуір айында басталып, шілдеде аяқталды.
Жаңа нысан кәсіби өрт-техникалық зерттеулер жүргізуге, өрттің себептерін анықтауға, әртүрлі материалдар мен жабдықтардың өрттің дамуына әсерін бағалауға, сондай-ақ өрт қаупіне заттарды сынауға мүмкіндік береді.