2025 жылғы 10 шілдеде Астанада су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кезекті рейдтік-профилактикалық іс-шара өтті. Құтқарушылар демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, су жағасындағы мінез-құлық ережелерін айтып, жабдықтарды көрсетті және қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын еске салды.
Іс-шара аясында ерекше назар балалар мен олардың ата-аналарына аударылды — ересектердің қарауынсыз қалу және жүзе алмау қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі болып отыр.
Шомылу маусымы 1 маусымда басталғаннан бері елімізде 51 адам, оның ішінде 13 бала құтқарылды.
Еліміздің су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 722 ресми шомылу орны белгіленген: 245 коммуналдық, 464 жекеменшік жағажай және 13 спорт пен туризмге арналған орын. Қосымша тағы 82 аймақ ашу жоспарлануда. Қауіпсіз және тыйым салынған аумақтар туралы ақпарат 2GIS жүйесіне енгізілген.
Қауіптілігі жоғары жерлерде 201 мобильді құтқару бекеті орнатылды. Шомылу маусымы басталғалы бері полициямен бірлесіп 12 281 рейд пен патрульдеу жүргізілді. Нәтижесінде судағы мінез-құлық ережелерін бұзғаны үшін ӘҚБК-нің 412-бабы бойынша 660 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Адам өмірі – бәрінен қымбат, судағы ережелерді сақтау ерекшелік емес, нормаға айналуы керек. Біз судың жанында демалу жауапкершілікті қажет ететінін еске саламыз. Балаларды бақылау және оларды қараусыз қалдырмау өте маңызды», — деп ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Дидар Қажкенов атап өтті.
ТЖМ еске салады: су маңындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Профилактикалық рейдтер еліміздің барлық өңірлерінде тұрақты негізде жалғасатын болады.