СҚО-да толық байланыс пен техникасы бар жаңа ерікті өртке қарсы құралым ашылды

СҚО-да толық байланыс пен техникасы бар  жаңа ерікті өртке қарсы құралым  ашылды

  Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданындағы Мерген ауылында ҚР ТЖМ «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында заманауи байланыспен жабдықталған өңірдегі алғашқы ерікті өртке қарсы құралым ашылды.

  Іс-шараға ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Батырбек Әбдішев, облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев, ТЖД және жергілікті билік өкілдері қатысты.

  Құралым «Гермес Агро» ЖШС базасында орналасқан. Еріктілердің иелігінде — АЦ-8-40 өрт автоцистернасы, мотопомпа, ауа үрлегіштер, рюкзак бүріккіштер, қорғаныш экипировкасы бар. Қажетті жағдай жасалған: жылытылатын гараж, тұрмыстық үй-жайлар, автономды сумен жабдықтау.

  Байланыстың болуы жедел қызметтермен жылдам үйлестіруді қамтамасыз етеді. Бекет Городецкий ауылдық округінің бес ауылына қызмет көрсетеді, бұл ден қою уақытын едәуір қысқартуға және өрттің салдарын азайтуға мүмкіндік береді.

  «Ауыл құтқарушылары бағдарламасы - бұл шалғайдағы елді мекендердің өртке қарсы қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған нақты қадам. Біз тіпті ең шалғай ауылдарға да жылдам және кәсіби көмек көрсетуге жағдай жасаймыз», — деп вице-министр Батырбек Әбдішев атап өтті.

  Жобаны іске асыру шеңберінде ТЖМ техника, жабдық, байланыс құралдары мен киім-кешек берді.