ТЖМ модернизациялауды жалғастыруда: Көкшетауда заманауи жоспарлау және жедел басқару орталығы ашылды

ТЖМ модернизациялауды жалғастыруда: Көкшетауда заманауи жоспарлау және жедел басқару орталығы ашылды

  Көкшетауда Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жаңа жоспарлау және жедел басқару орталығы ашылды. Сарыарқа шағын ауданындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында орналасқан орталық Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту жөніндегі ауқымды жұмыс шеңберінде тағы бір қадам болды.

  Салтанатты рәсімге Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов қатысты. Жеке құрам мен шақырылған қонақтардың алдында сөйлеген сөзінде ол инфрақұрылымды жаңарту, техникалық жарақтандыруды күшейту және заманауи технологияларды енгізу ТЖМ дамуындағы басымдықтар екенін атап өтті.

  «Біздің басты міндетіміз төтенше жағдайларға ден қою ғана емес, оны мүмкіндігінше тез, үйлесімді және кәсіби түрде жасау. Жаңа орталық — цифрландыру, техникалық қайта жарақтандыру және ден қоюдың жеделдігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі», - деп ведомство басшысы атап өтті.

  Бұл орталық ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығының базасында әзірленген бірыңғай тұжырымдама негізінде құрылған. ТЖ кезінде іс-қимылдарды үйлестіруге қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып салынған және орталық аппараттың үздік тәжірибелеріне сәйкес өңірлік деңгейде күштер мен құралдарды жедел басқаруды қамтамасыз етеді. Ол өңірдегі барлық бөлімшелердің іс-қимылдарына тәулік бойы мониторинг пен үйлестіруді қамтамасыз ететін өрт байланысы орталық пункті мен кезекші бөлімді біріктіреді. Мұнда 101 және 112 нөмірлері бойынша қоңыраулар келіп түседі, сондай-ақ күштер мен құралдарды бағыттау туралы шешімдер бірден қабылданады.

  Қазіргі заманғы ахуалдық зал жаңа техникамен және байланыс құралдарымен жабдықталған. Мұнда ірі ТЖ туындаған кезде жедел штаб құрылады. Тәулік бойы кезекшілік үшін қолайлы жағдайлар жасалған: демалыс, душ бөлмелері, ас үй және гардероб көзделген.

  Ақмола облысы ТЖД бастығы Бақытжан Алашов департаменттің материалдық-техникалық базасын одан әрі дамыту жоспарларын ұсынды. Красный Яр кентіндегі жөндеуден өткен №29 өрт сөндіру бекетінің ғимараты көрсетілді, жөндеу жұмыстары биылғы жылдың қыркүйегінде аяқталады деп күтілуде. Екінші жартыжылдықта материалдық-техникалық базаны нығайту бағыттары да көрсетілген.

  Сонымен қатар рәсім аясында министр КАМАЗ базасындағы үш жаңа автоцистернаның және жол талғамайтын екі АГ-30 көлігінің кілттерін табыс етті. Бұл облыстың жетуі қиын және ауылдық жерлерінде ТЖ-ның салдарын жою кезінде құтқару бөлімшелерінің ұтқырлығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

  Іс-шара барысында өңірдегі көктемгі су тасқынының салдарын жоюға қатысқан азаматтарға ведомстволық наградалар табыс етілді.

  Іс-шара соңында Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысып, атқарып жүрген қызметтері үшін қызметкерлерге алғысын білдірді. Сонымен қатар қызметкерлердің балалары жаттығатын өрт сөндіру бөліміндегі «Batyr team kids» ведомстволық спорт клубына барды.

  Көкшетауда жоспарлау және жедел басқару орталығының ашылуы - бұл еліміздің өңірлеріндегі азаматтық қорғауды модернизациялау мен нығайтудың бір бөлігі.