Төтенше жағдайларға жедел ден қою деңгейін арттыру және өңірлік бөлімшелердің техникалық жарақтандырылуын күшейту мақсатында Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне «Қазавиақұтқару» кәсіпорнына тиесілі су төгетін құрылғысы бар Ми-8АМТ маркалы көп мақсатты тікұшақ берілді.
Әуе көлігін тапсыру Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Бұл бағдарлама өңірлердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және ТЖМ құрамындағы авиация әлеуетін дамытуға бағытталған.
Ресми тапсыру рәсіміне Ұлытау облысы ТЖД бастығы Есен Байыров пен облыс әкімі Дастан Рыспеков қатысты.
Ми-8АМТ тікұшағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, шұғыл медициналық көмек көрсету және зардап шеккендерді эвакуациялау, табиғи және техногендік сипаттағы өрттерді сөндіру, орман алқаптары мен ерекше қорғалатын аумақтарды әуеден патрульдеу сияқты кең ауқымды міндеттерді орындауға қолданылады.
Тікұшақ заманауи жабдықтармен, соның ішінде әртүрлі күрделіліктегі өрттерді тиімді сөндіруге арналған су төгетін құрылғысымен жабдықталған.
Тікұшақ арнайы ұшу базасында орналастырылып, онда тәулік бойы техникалық қызмет көрсету, жанармаймен жабдықтау және экипаждың жедел ұшуға әзірлігі қамтамасыз етіледі.