Фельдшерлер – күнделікті батырлар

Фельдшерлер – күнделікті батырлар

  Медицина қызметкері күніне арналған жарияланымдар сериясын жалғастыра отырып, біз шұғыл көмек көрсетіп, адам өмірін құтқарумен айналысатын мамандар туралы әңгімелейміз. Бұл фельдшерлер, олар үшін шақырту – бұл жай ғана жұмыс емес, адамдарға қиын жағдайда көмек көрсетуге бағытталған күнделікті миссия.

  Қуаныш Екараев – Апаттар медицинасы орталығының Алматы қ. бойынша филиалының шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімінің фельдшері. Медицина саласында 26 жылдан астам еңбек етіп келеді, оның 19 жылы – апаттар медицинасы орталығында. Республикалық ірі оқу-жаттығуларға, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысып, 100-ден астам шақыртуда көмек көрсетті. 2021 жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстың салдарын жоюға қатысты. 2023 жылдың қыркүйегінде ол Фурманов шыңына барып, таулы, қиын жер бедерінде жарақат алған әйелге шұғыл көмек көрсетті. Мұндай жағдайда жұмыс істеу тек кәсіби шеберлікті емес, жоғары физикалық дайындықты да талап етеді. Ол мол тәжірибесі бар білікті маман, әріптестері арасында үлкен құрметке ие. ТЖМ басшылығынан бірнеше рет алғыс хаттар мен грамоталармен марапатталған.

  Жайылхан Өтеналиев – Алматы облысындағы «Құрты» трассалық медициналық-құтқару пунктінің аға фельдшері. 2015 жылдан бастап төтенше жағдайлар медицинасы жүйесінде қызмет атқарып келеді. Ол – жол бойындағы жедел көмек көрсету шебері, көмек дәл қазір, осы жерде қажет болған сәтте қызмет етеді. Жайылхан – мықты мінезді, мейірімді жан. Әріптестері оны кәсібилігі мен сенімділігі үшін бағалайды, ал пациенттер – қиын сәттерде көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдіреді.

   Ақниет Сайпырханов – Алматы облысындағы «Жаңа-Арна» трассалық медициналық-құтқару пунктінің аға фельдшері. Жас болса да, жүрегі кең маман. 2020 жылдан бері Апаттар медицинасы орталығында жұмыс істеп келеді. Жол-көлік оқиғалары мен басқа да төтенше жағдайлар болған жерге бірінші болып жетеді. Әскердегі қызметі оның мінезін шыңдады. Бүгінде Ақниет – кәсібилік, ерлік пен адамгершіліктің үйлесімі, кез келген сәтте алғы шепте тұратын, өз ісіне адал маман.

  Дана Досқалиева – Апаттар медицинасы орталығының Атырау облысы бойынша филиалының фельдшер-диспетчері. Мамандықта 25 жылдан астам, оның 2010 жылдан бері Апаттар медицинасы орталығында еңбек етіп келеді. Диспетчерлік қызметіне қарамастан, Дана төтенше жағдайлар кезінде де шақыртуларға шығып, өрт, су тасқыны сияқты апаттарда зардап шеккендерге көмек көрсетеді. Ол – білімі мен тәжірибесі мол кәсіби маман ғана емес, сондай-ақ мейірімді, сабырлы, жанашыр жан. Әріптестері оны жауапкершілігі мен іскерлігі үшін құрметтейді, ал зардап шеккендер – сенім мен жылулық үшін алғыс білдіреді.

  Дархан Жақыпов – Апаттар медицинасы орталығының Ақмола облысы бойынша филиалының фельдшері. 6 жыл ішінде өзін жоғары білікті маман ретінде көрсете білді. Ондаған құтқару операциясына қатысты. Оның кәсіби біліктілігі, шешім қабылдауы және сыни жағдайларда салқынқандылығы адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Дархан – сын сағатта салқынқандылық танытып, секундтар санаулы болғанда шешім қабылдай білетін фельдшер. Әріптестері оны сенімділігі мен жанкештілігі үшін бағалайды, ал науқастар – оның сабырлы мінезінен дем алады. Ол – кез келген сәтте арқа сүйеуге болатын адам.

  Тары Манат – Апаттар медицинасы орталығының Ақмола облысы бойынша филиалының фельдшері. Күнделікті медициналық жұмыстан бөлек, халықты алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйретумен белсенді айналысады. Оның сабақтары түсінікті әрі қызықты, ол күрделі ақпаратты қарапайым тілмен жеткізе біледі. Манат – тек көмек көрсетіп қана қоймай, өзгелерге де өмірді қалай құтқаруға болатынын үйрететін маман. Оның білімі, мейірімділігі мен тәжірибе бөлісуге деген ынтасы оны нағыз ұстаз, беделді маман етеді. Адамдарға көмек көрсету – оның шынайы өмірлік миссиясы.

  Фельдшерлер – бұл жай медицина қызметкері ғана емес. Бұл – әрбір адам өмірі үшін күрес жолындағы батылдық пен жанкештіліктің көрінісі. Біз олардың әрқайсысын мақтан тұтамыз және кәсібіне деген адалдығы, ерлігі мен жан жылуы үшін алғыс білдіреміз.