Алғашқылардың бірі болып көмекке келетіндер туралы

Алғашқылардың бірі болып көмекке келетіндер туралы

  Медицина қызметкері күніне арналған жарияланымдар сериясын жалғастыра отырып, біз қиын жағдайда жұмыс істеп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғап жүрген мамандар туралы әңгімелейміз.

  Досжан Жұмағұлов 2010 жылдан бері ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының Шымкент қ. бойынша филиалының шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімінде фельдшер болып еңбек етеді. Филиал ашылған күннен бастап ол өз кәсібилігін, тәртіптілігін және жауапкершілігін үнемі жоғары деңгейде көрсетіп келеді. 2021 жылы Жамбыл облысының Байзақ ауылындағы әскери қоймада болған жарылыстар кезінде Досжан эвакуация жұмыстарына белсене қатысып, сабырлылық пен жанқиярлық танытты. Ал 2024 жылдың шілде айында Ордабасы индустриялық аймағындағы күкірт қышқылы қоймасында шыққан өрт кезінде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіп, кезекті рет сенімге лайық маман екенін дәлелдеді. Оны әріптестері де, науқастар да құрметтейді. Ол – өз ісінің шебері әрі екі баланы тәрбиелеп отырған отбасылы азамат.

  Қуаныш Күнғабылов 2017 жылдан бері Апаттар медицинасы орталығының Жамбыл облысы бойынша филиалында фельдшер болып қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ол төтенше жағдайлар кезінде нақты әрі сенімді әрекет ететін, кез келген жағдайға дайын маман ретінде танылды. Зардап шеккендер үшін ол – сенімділік пен сабырлықтың белгісі.

«Қиын сәтте адамның жанынан табылу – менің жұмысымның басты мәні», – дейді Қуаныш Амангелдіұлы.

  Бұл сөздер оның кәсібінің мәнін де, өмірлік ұстанымын да айқын сипаттайды. Әріптестері оның жауапкершілігін, ұжыммен жұмыс істей білу қабілетін және сыпайылығын ерекше атап өтеді.

  Бұл қос маман – төзімділік, кәсібилік және жанқиярлықтың жарқын үлгісі. Олардың еңбегі – халықтың қиын сәтте үміт арта алатын сенімді медициналық көмегінің негізі.