Медицина қызметкері күні қарсаңында біз күн сайын алғы шепке шығып, өмірді құтқаратын, көмек көрсететін, қолдау беретін жандар туралы жарияланымдар сериясын бастаймыз. Бұл – Апаттар медицинасы орталығының құрамындағы дәрігерлер, фельдшерлер, медбикелер және басқа да мамандар.
Олардың әрқайсысы – қиын жағдайда, ауа райы қолайсыз кезде, шалғай жолдарда және төтенше жағдайларда әрекет ете алатын кәсіби маман. Бұл жай ғана жұмыс емес – бұл батылдықты, төзімділікті және толықтай жанқиярлықты талап ететін өмір салты.
Бүгін біз үш әріптесіміз туралы айтамыз:
Дарын Нұрғалиев – Апаттар медицинасы орталығының Астана қаласы бойынша филиалының шұғыл медициналық көмек бригадасының фельдшері. Жедел медицина саласында еңбек өтілі 17 жылдан астам, оның ішінде шамамен 6 жылы Апаттар медицинасы орталығында. Дарынды әріптестері құрметтейді, оның кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары бағаланады. Ол - сенімді, қиын жағдайда жылдам шешім қабылдай алатын, науқастармен және ұжыммен ортақ тіл табыса алатын маман. Көптеген адамның өмірін құтқарып, халықтың алғысын алған. Әріптестері арасында беделді, кәсіби білікті мен ұйымдастырушылық қабілеті бар, мінезі ашық. Апаттар медицинасы орталығының, ТЖМ, Денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хаттарымен және құрмет грамоталарымен наградталды.
Жалғас Насымбаев – Апаттар медицинасы орталығының Астана қаласы бойынша филиалының шұғыл медициналық көмек бригадасының дәрігері. Кәсіби жолын 2018 жылы бастаған, Апаттар медицинасы орталығында 2023 жылдан бастап жұмыс істейді. Жалғас – салмақты, сенімді, сыпайы, білімді және дамуға ұмтылатын жас маман. Ұжымда оны сабырлылығы мен жанашырлығы үшін ерекше бағалайды. Ол сертификатталған жедел медициналық көмек жаттықтырушысы және әріптестерімен білімін белсенді түрде бөліседі.
Қуанышбек Ануарбеков – «Макинск» трассалық медициналық-құтқару пунктінің фельдшері. Жедел медициналық көмек саласында жалпы еңбек өтілі 15 жылдан астам, соңғы 3 жылы Апаттар медицинасы орталығы жүйесінде. Ол трассалық пункттегі аға маман ретінде кезекшілікті үйлестіру, жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету, пункттің үнемі дайындық деңгейін сақтау ісіне жауапты. Оның міндетіне ішкі тәртіп, тұрмыстық жағдай мен техникалық жарақтандыруды қамтамасыз ету кіреді. Кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі үшін орталық басшылығы тарапынан бірнеше рет марапатталған.
Келесі жарияланымдарда біз Апаттар медицинасы орталығының басқа өңірлік филиалдарының мамандары жайлы баяндаймыз, олар көзге көп түсе бермесе де, күн сайын адам өмірін сақтау жолында елеулі еңбек сіңіруде.