Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдің құтқару бөлімшелеріне арнайы техниканы салтанатты түрде табыс етті, сондай-ақ аудандық қызметтердің үздік қызметкерлеріне 10 қызметтік пәтердің кілтін тапсырды.
Берілген техника ішінде заманауи өрт сөндіру автоцистерналары, жол талғамайтын көліктер және мамандандырылған инженерлік автомобильдер бар. Жаңа жабдық төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін едәуір арттыруға және жергілікті жерлерде бөлімшелердің техникалық базасын нығайтуға арналған.
«Құтқарушыларды қолдау тек техника мен инфрақұрылым ғана емес. Бұл күнделікті қауіпсіздікті қамтамасыз ететін адамдардың еңбегін мойындау. Біз алдағы уақытта да аумақтық бөлімшелерді — техникалық жағынан да, әлеуметтік жағынан да жүйелі түрде күшейтетін боламыз», - деп министр атап өтті.
Қызметтік тұрғын үйлер көп жылғы қызметі мен мамандыққа адалдығы үшін берілген ризашылықтың символы. Пәтерлерді өз қызметінде жоғары жауапкершілік пен кәсібилік танытқан қызметкерлер алды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров та өңірлік деңгейде құтқару бөлімшелерінің дайындығы мен жарақтандырылуын қамтамасыз етуде жан-жақты қолдау көрсету бойынша жұмыс жалғасатынын атап өтті.
«Өңірге жергілікті бюджет есебінен лизингке алынған заманауи техника жеткізілді. Бұл жай ғана флотты жаңарту емес, әр тұрғынның қауіпсіздігіне нақты инвестиция. Қызметтік пәтерлерді беру-біздің құтқарушыларымызға күнделікті еңбектері үшін құрмет пен ризашылықтың белгісі. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасатын болады», - деп өңір басшысы айтты.
Сапар аясында министр Ақтөбе қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стелласына барып, ТЖД жеке құрамымен кездесті. Орталық алаңда арнайы техника мен жабдықтар көрмесі ұйымдастырылып, құтқару қызметтерінің қазіргі заманғы жабдықталу деңгейі мен дайындығы көрсетілді.
Қазақстан ТЖМ материалдық-техникалық базаны жаңғырту, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау және өңірлер деңгейінде ден қою тиімділігін арттыру жөніндегі кешенді шараларды іске асыруды жалғастырады.