Қазақстан ТЖМ Мемлекеттік рәміздер күнін әнұранның орындалуымен атап өтті

Қазақстан ТЖМ Мемлекеттік рәміздер күнін әнұранның орындалуымен атап өтті

  2025 жылғы 4 маусымда Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері Мемлекеттік рәміздер күнін ауқымды патриоттық іс-шаралармен атап өтті.

  Бұл күні ТЖМ барлық бөлімшелерінде: орталық аппаратта, аумақтық басқармаларда, Азаматтық қорғау академиясында, әскери бөлімдер мен ведомстволық бағынысты ұйымдарда мемлекеттік әнұран шырқалды. Әнұранның салтанатты орындалуы ұлттық құндылықтарды құрметтеудің символына және халықтың бірлігі туралы маңызды еске салуға айналды.

  Өрт сөндіру бөлімдерінің аумағында мамандандырылған құтқару техникасын пайдалана отырып, өңірлердің көрнекі жерлерінде топпен әнұран орындалды. Барлық жерде ТЖМ қызметкерлерінің патриотизмі мен тәртібінің жоғары деңгейін көрсететін жеке құрамның салтанатты сапқа тұруы мен маршы өтті.

  «Мемлекеттік рәміздер - тәуелсіздігіміздің негізі, халқымыздың нышаны. Біз бейбіт көгілдір аспанда желбіреген туымызды, бірлігіміздің белгісі — шаңырақты бейнелейтін Елтаңбаны және әнұранды мақтан тұтамыз», — деп Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының орынбасары Фархат Әміре атап өтті.

  Сонымен қатар аумақтық бөлімшелерде челлендждер мен флэшмобтар ұйымдастырылды.

  Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар патриоттық рухты, ұлттық мақтаныш, Қазақстан тарихы мен мәдениетін құрметтеуді нығайтудың маңыздылығын атап көрсетеді.