4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні Астана қаласында Мемлекеттік Туды көтерудің салтанатты рәсімі өтті. Іс-шара аясында еліміздің әскери және арнаулы жоғары оқу орындарының үздік және көзге түскен түлектері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан бірінші офицерлік шендерін алды.
Биыл Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының екі түлегі Дінмұхамет Алдоңғаров пен Серік Санжар Президент қолынан «азаматтық қорғау лейтенанты» арнайы шенін алды.
Академияның төрт түлегі Жайдар Біләлов, Асхат Кеңес, Арман Талғатұлы мен Ерлан Тоқмырзаевқа лейтенанттық погондарды Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов табыс етті.
«Бүгін біз айтулы оқиғаның куәгері болдық, өз еліне және оның азаматтарына қызмет ету жолын таңдағандар алғашқы офицерлік шендерін алды. Олардың әрқайсысы кез келген минутта көмекке келуге дайын ТЖ министрлігінің лайықты өкілі болатынына сенімдімін. Олардың әрқайсысы осы жоғары сенімді ақтап, Отанға лайықты қызмет ететін болады», - деп министр атап өтті.
Оқу жылдары бойы тәрбиеленушілер оқу бағдарламасының теориялық курсын игеріп, ғылыми-зерттеу қызметімен айналысты және ғылыми-практикалық конференцияларда сөз сөйлеп, дайындық пен жауапкершіліктің жоғары деңгейінің үлгісін көрсетті.
Қызмет барысында азаматтық қорғау органдары кадрларының үздік түлектері жалпы жүйенің дамуына елеулі үлес қосады және жоғары нәтижелерге қол жеткізеді, өйткені курсант ретінде бұл жігіттер академияның ғылыми, спорттық және мәдени өміріне белсенді қатысып, өрт сөндіруші және құтқарушы мамандығының имиджін арттырды.
«Президенттің қолынан офицерлік погон алу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл менің күш-жігерімді мойындау ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Мен Азаматтық қорғау академиясын тәмамдап, ең қиын жағдайларда азаматтарымызды қорғауға дайын екенімді мақтан тұтамын. Осы жолда қолдау көрсеткені үшін ұстаздарыма, тәлімгерлеріме және туыстарыма алғыс айтамын», - деді Академия түлегі, азаматтық қорғау лейтенанты Дінмұхамет Алдоңғаров.
Болашақта жас офицерлер азаматтарды қорғауды және төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз ете отырып, ТЖМ аумақтық бөлімшелерінде қызметін жалғастырады.