Өңірлерде табиғи өрттерді сөндірудің практикалық іс-қимылдары пысықталды

Өңірлерде табиғи өрттерді сөндірудің практикалық іс-қимылдары  пысықталды

 Оқу-жаттығу шеңберінде барлық өңірлерде орман өрттерін жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құралымдарымен практикалық іс-қимылдар өткізілді.

  Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар шеңберінде мемлекеттік органдар мен шұғыл қызметтердің елді мекендерге қауіп төндіретін шекара маңы аймағында орман өрттерін жою және трансшекаралық аймаққа таралу бойынша іс-қимылдары пысықталды.

  Оқу-жаттығу өткен екі күнде еліміздің 868 елді мекенінде қамыс пен құрғақ өсімдіктер шабылды, автомобиль және темір жол бойында 963 км минералданған жолақтар жасалды, авиацияның су төгу құрылғыларымен су алуға арналған 155 орын жабдықталды, 635 км электр беру әуе желілері өтетін аумақ тазартылды.

  Оқу-жаттығудың мақсаты бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында құрғақ, ауа температурасы 400С-қа дейін көтеріліп, метеорологиялық жағдай секундына 20-25 метр соққан желмен күрделенді.

  Астана қаласында оқу-жаттығудың практикалық бөлігі жасыл белдеу аумағында өтті. Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес демалуға келген адамдар құрғақ шөпті өртеп сөндірмей қалдырған, өрт орман белдеуіне тарала бастады. Оқу-жаттығу барысында авиацияны тарта отырып, қаланың шұғыл және өрт сөндіру қызметтерінің өзара іс-қимылы пысықталды.

  Алматы қаласында шартты өрт Казачка шатқалындағы таудың солтүстік баурайында орын алды. Шартты өртті жою және зардап шеккендерді эвакуациялау үшін барлық шұғыл қызметтер мен алғаш рет волонтерлік ұйымдар тартылды. Нәтижесінде туристер таудан сәтті эвакуацияланып, жарақат алған адамдарға қажетті көмек көрсетілді.

  Шымкент қаласында «Жасыл белдеу» базасында өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді. Оқу-жаттығу шеңберінде орманды дала өрттерін сөндіру кезінде орман шаруашылықтары мен азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылы пысықталды. Оқу-жаттығудың тактикалық жоспарына сәйкес дала өрті  кезінде егіс алқаптарына, орман алқаптарына және жақын маңдағы тұрғын үйлерге қауіп төнді.

  Абай облысында оқу-жаттығудың практикалық бөлігі Бесқарағай ауданы Канонерка ауылының маңындағы орман алқабында өтті. Оқу-жаттығу барысында шартты орман өртін сөндіру, халықты эвакуациялау, төтенше жағдай кезінде күштерді уақытша орналастыру және үйлестіру пункттерін өрістету бойынша іс-қимылдар пысықталды.

  Ақмола облысында оқу-жаттығу Бурабай, Бұланды және Біржан сал аудандарының қиылысқан жерінде өткізілді. Өрт аймағында қалған елді мекендерден адамдарды эвакуациялау, орман өрттерін сөндіру әдістері пысықталды. орман алқабында адасқан адамдарды іздеу бойынша іс-шаралар жүргізілді.

  Ақтөбе облысында оқу-жаттығудың практикалық бөлігі Ақтөбе облысы Қобда ауданының Бұлақ ауылында өтті. Оқу-жаттығу барысында шартты өрт ошақтарын сөндіру, адамдарды эвакуациялау, жедел ден қою және байланыс жүйелерін тексеру бойынша іс-шаралар пысықталды.

  Атырау облысында оқу-жаттығу кезінде «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында шартты дала өртін сөндіру бойынша іс-қимылдар пысықталды.

  Шығыс Қазақстан облысында аңыз бойынша өрт Риддер орман шаруашылығының аумағын қамтып, Риддер қаласына көшу қаупін туғызды.  Бірнеше сағат бойы отпен арпалысқан құтқарушылар, орманшылар, әскери қызметшілер, жергілікті атқарушы органдары, авиация өрттің тұрғын үй алқабына таралуына жол бермей, шартты өртті толығымен сөндірді.

  Батыс Қазақстан облысында өртті сөндіру, эвакуациялау және халықты құлақтандыру бойынша іс-шаралар пысықталды. Шартты зардап шеккендерді жедел құтқару үшін авиация жұмылдырылды. Жүзу құралдарынан су беру жүзеге асырылды. Шатырлы лагерь ұйымдастырылды.

  Жамбыл облысында трансшекаралық табиғи өрт кезінде Қазақстан және Қырғызстан күштері мен құралдарының өзара іс-қимылы пысықталды. Құлақтандыру және жедел бару мен ден қою іс-қимылдары пысықталды.

  Жетісу облысында оқу-жаттығу барысында авиацияны, техниканы және шұғыл қызметтердің жеке құрамы мен ерікті өртке қарсы құралымдарды тарта отырып, орман алқабында шартты өртті оқшаулау және жою бойынша іс-шаралар пысықталды.

  Қызылорда облысында шартты өрт Қызылорда қаласынан 7 шақырым жерде «Шіркейлі» каналының оң жағалауында болған. Шаруа қожалықтарының қызметкерлері қауіп-қатер аймағында қалды. Шұғыл қызметтер мен ерікті өртке қарсы құралымдардың өзара іс-қимыл алгоритмдері пысықталды.

  Солтүстік Қазақстан облысында оқу-жаттығудың тәжірибелік бөлігі Айыртау ауданында өтті. Дала және орман өрттерін сөндіру, тұрғындар мен туристерді эвакуациялау, медициналық-психологиялық көмек көрсету бойынша іс-шаралар пысықталды. Өртті ерте анықтау жүйесі, мотоциклдерде барлау, тікұшақтан өрт сөндіру, су көлігімен сөндіру және каскадты су айдау сияқты жаңа технологиялар қолданылды.

  Түркістан облысында оқу-жаттығудың практикалық бөлігі Келес ауданының Ошақты ауылдық округінде өткізілді. Трансшекаралық оқу-жаттығуға Қазақстан мен Өзбекстан азаматтық қорғау органдарының күштері мен құралдары тартылды. Оқу-жаттығу шеңберінде шекара маңындағы орман және дала өрттерін сөндірудің бірлескен іс-қимылдары, алгоритмдері мен тактикасы пысықталды.