Елімізде «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде

Елімізде «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде

  2025 жылғы 22-23 мамыр аралығында барлық өңірлерде «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілуде.

  Бұл іс-шара басқару органдарының, азаматтық қорғау аумақтық кіші жүйесінің күштері мен құралдарының табиғи өрттер туындаған кездегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

  Оқу-жаттығуды үйлестіру жедел штабы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камаловтың басшылығымен Павлодар облысының «Ертіс орманы» МОТР РММ Майқарағай орманшылығының аумағында орналасқан.

  Оқу-жаттығуға Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов, сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің және азаматтық қорғау қызметінің өкілдері қатысуда.

  «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының бірінші кезеңі сағат 09:00-де басталды. «Дабыл-1001» сигналы бойынша мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштері дайындыққа келтірілді. ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығы ауқымды табиғи өрттердің туындау қаупі туралы «Жалын» сигналын жеткізді. Қазіргі жағдайды бағалау және өрттерді жою туралы шешім қабылдау кезінде басқару органдарының іс-қимыл алгоритмі пысықталды. Мемлекеттік органдардан, республикалық оқу-жаттығу штабының мүшелерінен жедел топтар жиналып, оларға қойылған міндеттер жеткізілді.

  Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн ішінде барлық өңірлерде профилактикалық іс-шаралар кешені, сондай-ақ әрбір ведомство үшін жеке айқындалған тиісті кіріспе бойынша азаматтық қорғау қызметтерімен және құралымдарымен практикалық іс-қимылдар жүргізіледі.

  Оқу-жаттығуға 350 қызметкер, 63 бірлік техника, оның ішінде арнайы техника, ҰҰА және 6 әуе кемесі жұмылдырылды.