Тұман – көлік жүргізушілер үшін ең күрделі қауіптердің бірі болып табылады. Бұл табиғи құбылыс автокөлік айналасында көру мүмкіндігін анағұрлым төмендетеді, нәтижесінде көлік соқтығыстары және тағы басқа жол-көлік оқиғалары санынның көбеюіне тікелей себепші болады.
Жолдарда мұндай жағдайлардың алдын алу үшін келесі ережелерді қатаң сақтаған жөн:
- Жолға шықпас бұрын автокөліктің жарықтандыру фараларын міндетті түрде тексеріп шығып, оларды жақсылап сүртіп алыңыз;
- Жолдың көріну мүмкіндігінің нашарлағанын сезген бойда жақын жарықты қосыңыз;
- Жолдың үстін көру қабілеті толықтай қамтылмайтын болса, қауіпсіздіктің стандарттық ережесіне сәйкес жылдамдықты азайтыңыз;
- Алда кетіп бара жатқан автокөліктерді басып озуға, кері бұрылуға және жалпы қарсы бағытқа шығып кетпеңіз, бұл әсіресе жүк көліктеріне қауіпті;
- Егер ауа райы қолайлы болса, терезелерді ашып қойыңыз. Сол кезде дыбыстар жақсы естіледі. Көру мүмкіндігі нашарлаған кезде көпшілігі дыбыс сигналын қолданады. Оларға Сіз де жауап сигналын жібере аласыз. Бұл Сізге кеңістікте бағдар береді;
- Тұманға қарсы арнайы фаралар сатып алыңыз, олар тіпті қалың тұман кезінде де жолды жақсырақ көруге көмектеседі;
- Егер тұман мүлдем қалың болса және көру қашықтығы екі метрден аспайтын болса, автокөлікті жол жиегіне тоқтатып, габариттік жарықтарды жағып, тұман сейілгенше күте тұрған дұрыс.