Жемшөпті өрттен сақтайық.

Жемшөпті өрттен сақтайық.

Жемшөпті өрттен сақтайық.

 

       Пішен дайындау қызу жүріп жатыр. Соған байланысты пішен дайындалатын және оны сақтайтын жерлерде өрт шығу қаупі де арта түсуде. Оның негізгі себептері – далада от жаққанда қоламтасын қалдырып кету, өшірілмей лақтырылған темекі қалдықтары, сондай-ақ тракторлар мен автокөліктердің тұрбаларынан шығатын ұшқындар. Әсіресе күн өте ыстығанда, желді күндері далада өрт шығуы үлкен апатқа ұшыратады. Барлық профилактикалық шаралар машиналар мен тракторлардан от ұшқындарын болдырмауға, двигательдің қызып тұрған бөлігіне шөп түсіп тұтанудан, шылым тартудан және өрт қауіпсіздігінің басқа да ережелерінің бұзылуынан сақтауға бағытталуы керек.

         Шөп шабуда және жемшөп тасуда жүрген барлық ауыл шаруашылығы агрегаттары ұшқын сөндіретін және өрт сөндіретін құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс. Жемшөп дайындауда, тасуда жүрген адамдар міндетті түрде өртке қарсы нұсқаудан өтулері керек. Далада, дала қостарында жөндеу және темір дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде өртке қарсы режимнің қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажет. Әсіресе пішен қоры сақталатын орындарға ерекше көңіл бөлген жөн.

         Пішен маялау ережесін сақтаудың маңызы зор. Бір мая пішен сақталатын алаң 300 шаршы метрден, ал тайлап буылған пішен мен сабан сақталатын алаң 500 шаршы метрден аспауы керек. Әрбір үйілген қатарлардың ара қашықтығы 20 метрден кем болмауы керек. Қатарлар мен маяларды парлап орналастырғанда аралары 6 метрден, ал көрші парлар кемінде 3 метрден кем болмайды.

         Пішен сақтайтын жерлердің аумағында жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы техникаларының түтін шығатын тұрбалары мен басқа да жүйелері мұқият жөнделіп, электрмен жабдықталып, ұшқын сөндіргіштермен қамтамасыз етілуі тиіс. Пішен қоймаларында өртке қарсы қатаң режим, сенімді күзет орнатылып, оған бөтен адамдардың, әсіресе балалардың кіруіне жол бермеу керек. Осы шаралардың барлығын орындағанда біз дайындалған жемшөптің толық сақталуын қамтамасыз етеміз.

 

 

       Ақжайық ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі