Оралда қаза болған қызметкердің рухына тағзым етілді

Оралда қаза болған қызметкердің рухына тағзым етілді

Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған қызметкердің ата-анасына қайтыс болғаннан кейінгі награданы табыстау рәсімі өтіп, Құтқарушылар аллеясында қызметкердің рухына тағзым етілді.

БҚО ТЖД әкімшілік ғимаратында департамент бастығы Жанболат Жаншин Жәнібек ауданында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған МиршатХалиуллиннің ата-анасына «Ерлігі үшін» медалін табыстады.

Рәсімге қаза болған қызметкердің әріптестері, туған-туыстары мен жақындары қатысты. Отбасына қолдау білдіріліп, көңіл айтылды.

Одан кейінОрал қаласындағы Құтқарушылар аллеясында гүл қою рәсімі өтті. Іс-шара қызметтік борышын орындау кезінде қаза болған құтқарушыларды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Департамент бастығы, Миршат Халиуллиннің ата-анасы мен жақындары гүл шоқтарын қойып, қызметкердің рухына тағзым етті.

Антына және қызметтік борышына соңына дейін адал болған жандардың есімі әріптестері мен туған-туыстарының жүрегінде мәңгі сақталады.