Қазақстанда 213-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 213-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының Мәстексай ауылында 213-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуымен Мәстексай, Мұқыр және Сарыкөл ауылдары өрттен қорғауға алынды. Бұл елді мекендерде жалпы саны 2 мыңнан астам тұрғын тұрады.

  Салтанатты ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жанболат Жаншин, Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев, жеке құрам, ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты.

  Өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен салынды және тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру үшін толық жабдықталған. Жеке құрамның қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс бөлмелері, ас үй, қызметтік кабинеттер, сондай-ақ өрт сөндіру техникасын орналастыруға арналған гараж боксы қарастырылған.

  Өрт сөндіру бекетін жарақтандыру аясында ТЖМ арнайы техника, байланыс құралдары, өрт-техникалық жарақтар мен арнайы жабдықтарды табыстады. Бөлімше тәулік бойы кезекшілік атқаруға және жедел міндеттерді орындауға қажетті материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Департамент қызметкерлері еріктілерге жүйелі түрде оқу ұйымдастырып, практикалық жаттығулар мен нұсқамалар өткізеді. Бұл олардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.