БҚО-ның екі ауданында «Жас құтқарушы» жарысы өтті

БҚО-ның екі ауданында «Жас құтқарушы» жарысы өтті

Бәйтерек және Теректі аудандарында мектеп оқушыларының қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдыларын жетілдіру мақсатында жарыс ұйымдастырылып, өткізілді.

Іс-шараға жалпы білім беретін мектептердің оқушыларынан құралған командалар қатысты. Қатысушылар түрлі кезеңдер бойынша өзара бақ сынап, алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шеккендерді эвакуациялау, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету бағыттарында теориялық және практикалық тапсырмаларды орындады.

Жарыс барысында жасөспірімдер өздерінің ептілігі мен шапшаңдығы, командалық бірлігі және қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдай білу қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар, қатысушыларға құтқару қызметінің заманауи құрал-жабдықтары таныстырылып, қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Шара қорытындылары бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар арнайы дипломдар және алғыс хаттармен марапатталды.

Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың патриоттық рухын арттырып қана қоймай, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы білімдерін нығайтуға ықпал етеді.