
2026 жылғы 3 қыркүйекте Талдықорған қаласында №29 орта мектептің 9-сынып кадет сыныбында білім алатын 22 оқушы үшін Дамир Таранов атындағы №20 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Ашық есік күні өткізілді.
Іс-шара барысында кадеттер өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметімен танысып, құтқарушы мамандығының ерекшеліктері мен қызмет атқару тәртібі туралы ақпарат алды. Оқушыларға бөлім бойынша экскурсия ұйымдастырылып, арнайы өрт сөндіру техникасы мен авариялық-құтқару жабдықтары көрсетілді.
Кездесу барысында азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысының ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды. Кадеттерге төтенше жағдайлар кезінде адамдарға көмек көрсету үшін кәсіби дайындықтың, жауапкершіліктің, тәртіптің және кез келген жағдайда жедел әрекет ету қабілетінің маңыздылығы түсіндірілді.
Мұндай іс-шараларды өткізу кадет сыныбында білім алатын оқушылар үшін ерекше маңызға ие. Себебі бұл кездесулер оларға азаматтық қорғау органдарындағы қызмет туралы нақты түсінік қалыптастырып, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.
Ашық есік күні кадеттердің кәсіби бағдарын қалыптастыруға, олардың азаматтық қорғау органдарындағы қызметке деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ өрт сөндіруші мен құтқарушы мамандықтарына деген құрметін қалыптастыруға бағытталды.