Абай мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы

Абай мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы

      10 тамыз – Абай күніне орай Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінде қызметкерлер арасында мәдени-ағартушылық, тәрбиелік және патриоттық бағыттағы семинар-кеңес ұйымдастырылды.

     Іс-шара «Азаматтық қорғау органдарындағы тәрбие, идеологиялық жұмыс және азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша 2026 жылға арналған жоспарды» іске асыру мақсатында өткізілді.

     Семинар-кеңеске қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бірнеше тарихи-танымдық зерттеу кітаптарының авторы Нұрахмет Ерден Қыдырбекұлы арнайы қатысып, ұлы ойшылдың рухани мұрасы мен ағартушылық идеялары жөнінде тағылымды әңгіме өрбітті.

    Кездесу барысында Абайдың білім мен ғылымға, еңбек пен адамгершілікке үндеген өсиеттерінің бүгінгі қоғам үшін маңызы ерекше екені айтылды. Нұрахмет Ерден Қыдырбекұлы көзі ашық, көкірегі ояу, білімді әрі дамыған ұлт қалыптастырудың бір жолы – кітап оқу мәдениетін дамыту екенін атап өтті.

     Сонымен қатар, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті бала бойына сіңіру ең алдымен отбасынан басталатынына назар аударды. Ата-ананың өзі кітап оқып, балаға үлгі болуы – оның кітапқа деген қызығушылығын арттырып, рухани дүниесін байытуға ықпал ететіні айтылды.

    «Бала тәрбиесі – өзімізден басталады. Егер үйде кітап оқылса, бала да кітапқа қызығып, білімге ұмтылады. Ал білімді ұрпақ – елдің жарқын болашағы», – деген ойымен бөлісті Нұрахмет Ерден Қыдырбекұлы.

    Тағылымды кездесуде қатысушылар Абай шығармашылығының тәрбиелік мәні, ұлттық құндылықтар және кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жөнінде пікір алмасты.

    Абай мұрасы – ұрпаққа жол көрсететін рухани бағдар. Ұлы ақынның өсиетін дәріптеу – білімді, саналы және парасатты ұрпақ тәрбиелеудің маңызды негізі.