
Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жетісу облысы ТЖД қызметкерлері Алакөл ауданының Ақши ауылында орналасқан «Жалын» балалар сауықтыру лагерінде кешенді профилактикалық іс-шаралар өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және күнделікті өмірдегі қауіпсіздік қағидалары бойынша білім деңгейін арттыру.
Іс-шара барысында демалушыларға өрт қауіпсіздігі ережелері, өрттің шығу себептері және өрт анықталған жағдайда әрекет ету алгоритмі жан-жақты түсіндірілді. Мамандар балаларға қауіпті жағдай туындаған кездегі іс-қимыл тәртібін түсіндіріп, қиын жағдайға тап болған адамға көмек көрсету тәсілдері туралы айтып берді. Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде сақтық шараларын сақтау және жеке жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сабақтардың жеке бөлігі су айдындарындағы қауіпсіздік мәселелеріне арналды. Балаларға рұқсат етілмеген орындарда шомылуға болмайтыны, ересектердің талаптарын сақтау қажеттігі және су жағасындағы қауіпсіз мінез-құлық ережелері еске салынды. Мұндай профилактикалық іс-шаралар жазатайым оқиғалардың алдын алуға және жас ұрпақтың жеке қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған.
Айта кету керек, облыс аумағында ағымдағы жазғы маусымда 9 балалар сауықтыру лагері жұмыс істеуде. Өрт қауіпсіздігі мен судағы қауіпсіздік мәселелері бойынша профилактикалық жұмыстар өңірдегі барлық лагерьлерде ұйымдастырылады. Мамандар түсіндіру сабақтарын, нұсқамаларды және тәжірибелік жаттығуларды өткізіп келеді және алдағы уақытта да жалғастырады. Бұл жұмыстар төтенше жағдайлардың алдын алуға және жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.