
Шомылу маусымының басталуына байланысты Жетісу облысы ТЖД қызметкерлері өңірдің су айдындарында профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Кезекті түсіндіру жұмыстары облыс тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі – Балқаш көлінде ұйымдастырылды.
Профилактикалық рейд барысында мамандар демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін еске салып, шомылу кезінде туындауы мүмкін қауіптер туралы түсіндірді және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауға шақырды.
Әңгімелесу барысында мамандар судағы мінез-құлық қағидаларын елемеу қайғылы жағдайларға әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтіп, әрбір демалушыны қырағылық пен жауапкершілік танытуға шақырды.
Осыған байланысты Жетісу облысының ТЖД азаматтардың су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары талаптарын қатаң сақтау қажеттігіне назар аударады. Ең алдымен, төмендегі әрекеттерге тыйым салынатынын есте ұстаған жөн:
• алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде суға түсуге және шомылуға;
• қайықтардан, катерлерден, айлақтардан және бұл мақсатқа арналмаған құрылыстардан суға секіруге;
• тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге;
• шомылу аймағының шекарасын белгілейтін қалқымалардан (буйлардан) асып жүзуге;
• жүзуге арналмаған заттарды пайдаланып суда жүзуге;
• техникалық және ескерту белгілеріне, қалқымаларға (буйларға) шығуға;
• балалардың ересектердің қарауынсыз суға кіруіне.
Жетісу облысының ТЖД ескертеді: демалыс тек жағымды ғана емес, қауіпсіз де болуы тиіс. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар!