
Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғын үйлер аулаларында өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникаларының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық рейд өткізді.
Іс-шара барысында құтқарушылар полиция қызметкерлерімен және тұрғын үй инспекциясының өкілдерімен бірлесіп, қала тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға автокөліктерді дұрыс қоюдың маңыздылығы және аулалардағы жолдарды бөгемеу қажеттігі түсіндірілді.
Мамандар дұрыс қойылмаған көліктердің төтенше жағдай орын алған кезде арнайы қызметтердің оқиға орнына жедел жетуіне кедергі келтіруі мүмкін екенін еске салды. Төтенше жағдайда әрбір минут қымбат, ал арнайы техниканың еркін өтуі құтқару жұмыстарының тиімділігі мен азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Сондай-ақ рейд барысында арнайы техниканың қозғалысына кедергі келтіретін жағдайлар анықталып, олардың иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Анықталған кедергілер сол жерде жойылды.
Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды жауапкершілік танытып, өрт сөндіру және басқа да жедел қызмет көліктерінің жүруіне кедергі келтіретін орындарға автокөліктерін қоймауға шақырады.