Құтқарушылар балаларға қауіпсіздік мерекесін сыйлады

Құтқарушылар балаларға қауіпсіздік мерекесін сыйлады

Талдықорған қаласындағы қалалық жағажайда Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Бұл күні қала бүлдіршіндері мен олардың ата-аналары үшін танымдық әрі ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, оған ондаған отбасы қатысты. Мерекеге Жетісу облысының құтқарушылары белсенді қатысып, балалар үшін бұл күнді қызықты ғана емес, пайдалы өткізуге атсалысты.

Іс-шара барысында балалар өрт сөндіру және құтқару техникаларымен танысып, төтенше жағдайларды жою кезінде қолданылатын арнайы құрал-жабдықтарды көрді. Сондай-ақ олар арнайы киім үлгілерін киіп көріп, құтқарушылардың қызметі туралы қызықты мәліметтер алды. Құтқарушылар өз мамандықтарының ерекшеліктері жайлы айтып, техникалардың мүмкіндіктерін көрсетіп, балалардың сұрақтарына жауап берді.

Шара барысында қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Құтқарушылар балаларға жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерін, су айдындарында және табиғат аясында демалу кезінде сақталуы тиіс сақтық шараларын түсіндірді. Сонымен қатар түрлі төтенше жағдайлар туындаған кезде қалай әрекет ету керектігі жөнінде кеңестер берді. Осындай кездесулер жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.

Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі құтқарушылардың қатысуымен ұйымдастырылған субұрқақ болды. Салқын су шашыраған көңілді көрініс балаларға ерекше қуаныш сыйлап, көптеген жарқын эмоциялар тарту етті. Іс-шара жылы әрі достық атмосферада өтіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй, жарқын әсерлер мен жаздың алғашқы күнінен есте қаларлық естеліктер сыйлады.