
Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінде алдағы мерекелер қарсаңында салтанатты іс-шара өтті. Жиын барысында қызметкерлердің жетістіктері аталып өтіп, кадрлық тағайындаулар мен марапаттау рәсімдері ұйымдастырылды.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – жас қызметкерлердің ант қабылдауы болды. Алты жас маман Отанға адал қызмет етуге ант беріп, азаматтық қорғау қызметінің қатарына ресми түрде қосылды. Бұл – олардың кәсіби жолындағы маңызды әрі жауапты қадам.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Талдықорған қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының жаңа бастығын тағайындау рәсімі өтті. Сондай-ақ, қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып, жоғары кәсібилік танытқан қызметкерлердің біріне мерзімінен бұрын «подполковник» арнайы атағы берілді.
Азаматтық қорғау саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен қызметкерлерге ерекше құрмет көрсетілді. №3 өрт сөндіру бөлімінің бастығы мен осы бөлімшенің қарауыл бастығы салтанатты түрде құрметті демалысқа шығарып салынды. Департамент басшылығы олардың көпжылдық адал еңбегі мен халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Салтанатты жиын барысында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің атынан бірқатар қызметкерлерге ведомстволық наградалар мен алғыс хаттар табысталды.
Іс-шара мерекелік концертпен қорытындыланып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады.