
Жетісу облысында жасөспірімдер арасында «Жас құтқарушы» слеті ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты патриоттық және адамгершілік рухта тәрбиелеу, жастарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға жан-жақты дайындау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын үйрету.
Слетке облыстың барлық аудан-қалаларынан жиналған мектеп оқушылары қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар бірнеше кезең бойынша білімдері мен шеберліктерін көрсетті. Атап айтқанда, алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайларда әрекет ету, құтқару жұмыстарының элементтерін орындау, зардап шеккендерді эвакуациялау, сондай-ақ визит карточкасы байқауы бойынша сынға түсті.
Іс-шара барысында жас құтқарушылар төтенше жағдайларда дұрыс әрі жедел әрекет ету тәсілдерін меңгеріп, тәжірибелік машықтарын жетілдірді.
Мұндай жарыстар жастардың жауапкершілігін арттырып, төтенше жағдайлар кезінде шұғыл шешім қабылдау қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік береді. Слет қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Көксу ауданының командасы І орын, Талдықорған қаласының командасы ІІ орын, ал Кербұлақ ауданының командасы ІІІ орын иеленді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың болашақта құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын арттырады.