Наурыз – дәстүр мен рухани мұра мерекесі

Наурыз – дәстүр мен рухани мұра мерекесі

Қазақстан Республикасында Наурыз мейрамы аясында «Наурызнама» атты жалпыұлттық онкүндік өтуде. Онкүндіктің үшінші күні – 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болып белгіленген. Бұл күн қазақ халқының бай мәдени мұрасын, ұлттық құндылықтарын және ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәстүрлерін насихаттауға бағытталған.

Наурыз – жаңару, бірлік пен берекенің символы. Бұл күні ұлттық дәстүрлерге ерекше мән беріліп, қазақтың дастарқаны дәстүрлі тағамдарға толады. Наурыз көже, бауырсақ, қазы-қарта сынды ұлттық тағамдар әзірленіп, олар туған-туысқа, жақындарға және қонақтарға ұсынылады. Ұлттық тағамдар – қазақ халқының кең пейілі мен қонақжайлылығының айқын көрінісі.

Мерекелік іс-шараларда ұлттық ойын-сауықтар да ерекше орын алады. Соның бірі – алтыбақан. Алтыбақан маңына жиналған жастар ән айтып, домбыра үнімен көңілді уақыт өткізіп, ұлттық өнерді дәріптейді.

Мереке аясында ТЖД қызметкерлері де белсенді қатысып, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін көрсетті. Бұл іс-шара өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды насихаттауға және ұлттық мұраны құрметтеуге бағытталды.

Ұлттық дәстүрлерді сақтау және дәріптеу – қоғамның рухани дамуы мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды міндеттердің бірі.