Кәсібилік, ерлік, дайындық: Жетісуда Азаматтық қорғаныс күні қалай аталып өтті

Кәсібилік, ерлік, дайындық: Жетісуда Азаматтық қорғаныс күні қалай аталып өтті

     Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті ауқымды Ашық есік күнін ұйымдастырды. Іс-шара Талдықорған қаласында  «Атамекен»  ойын-сауық орталығы алаңында өтті.

    Мерекелік іс-шараның мақсаты – халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, азаматтық қорғау жүйесінің маңыздылығын түсіндіру және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды кеңінен насихаттау.

   «Атамекен» ойын-сауық орталығының алаңында қала тұрғындары мен қонақтары заманауи өрт сөндіру және құтқару техникасының мүмкіндіктерімен танысты. Құтқарушылар өртті сөндіру, зардап шеккендерді эвакуациялау, биіктіктен құтқару және алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін іс жүзінде көрсетті. Көрсетілімдер шынайы жағдайларға барынша жақын форматта ұйымдастырылып, мамандардың кәсіби шеберлігі мен жедел әрекет ету қабілетін айқын көрсетті.

   Қонақтар авариялық-құтқару құралдарымен танысып, дабыл беру жүйесінің жұмысын көрді, жеке қорғаныс құралдарын қолдану тәртібі туралы ақпарат алды. Мамандар төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету алгоритмін түсіндіріп, пайдалы кеңестер берді.

   Іс-шара барысында азаматтық қорғаныстың басты мақсаты – халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау, қауіп-қатерлердің алдын алу және салдарын азайту екені ерекше атап өтілді. Ашық есік күні тұрғындарға құтқару қызметінің күнделікті еңбегін жақыннан көруге және қауіпсіздік ережелерінің маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.

Мұндай шаралар қоғам мен құтқару қызметі арасындағы өзара сенімді нығайтып, жас ұрпақты жауапкершілікке, батылдыққа және Отанға қызмет етуге тәрбиелеуге ықпал етеді.