Қазақстан өңірлерінде су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда

Қазақстан өңірлерінде су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда

  Еліміздің өңірлерінде көктемгі су тасқынына дайындық және елді мекендерді су басу қаупін азайту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

  Шығыс Қазақстан облысында автомобиль жолдарын қардан тазалау, су бұру арналары мен арықтарды ашу, су өткізу құбырларын тазалау жұмыстары атқарылуда. Күршім ауданында Күршім–Қалжыр, Күршім– Үлкен Нарын және Күршім–Алғабас автожолдарындағы су өткізу құбырлары тазартылды, осындай жұмыстар Тарбағатай ауданында да жүргізілуде. Өскемен қаласында су тасқыны қаупі бар 11 учаске анықталып, Согра және Ахмирово аудандарында Үлбі өзенінің жағалауын жалпы ұзындығы 950 метр болатын учаскеде бекіту, сондай-ақ арық жүйесінің үйінділерін нығайту жұмыстары жүргізілуде.

  Жетісу облысында өзен арналарын механикаландырылған тазалау және тереңдету, қорғаныш бөгендерін жөндеу, су бұру арналарының құрылысын қамтитын су тасқынына қарсы кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Қаратал ауданында Тастөбе ауылы маңындағы Қаратал өзенінде арнаны тазалау және түзету, сондай-ақ үйінді бөгенді жөндеу жұмыстары жалғасуда, бұл Тастөбе және Қаражиде елді мекендерін су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өзендердің қауіпті учаскелерінде гидрометеорологиялық жағдай мен су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізілуде.

  Батыс Қазақстан облысында биыл Инженерлік жұмыстар жоспары аясында 35 іс-шара жоспарланып, оның 28-і аяқталды. 12 км қорғаныш бөгені салынды, 0,6 км канал кеңейтілді, 1,3 км арық желісі абаттандырылды, Жақсыбай, Қалдығайты, Деркөл, Қайынды және Өлеңті өзендерінің арналарын кеңейту жұмыстары жүргізілді. Автомобиль жолдарында 162 су өткізу құбыры орнатылып, ауыстырылды. Сонымен қатар Бәйтерек ауданының Чирово ауылындағы су қоймасын жөндеу жұмыстары аяқталып, Орал қаласында Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жалғасуда. Жайық, Шаған және Деркөл өзендеріндегі су деңгейін тәулік бойы бақылау үшін ақпаратты 24/7 режимінде беретін төрт автоматтандырылған гидробекет орнатылды.

  Павлодар облысында Инженерлік жұмыстар жоспары шеңберінде 22 су тасқынына қарсы іс-шара қарастырылған. 153 км қорғаныш бөгені салынды және нығайтылды, 36 су өткізу құрылысы орнатылып, жөнделді. Баянауыл ауданындағы гидромелиорациялық жүйелерді қайта жаңғырту бойынша ірі жобалар аяқталды. Бұл шаралар 17 елді мекенді су басу қаупін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Рождественка ауылында ұзындығы 3,5 км қорғаныш үйіндісі тұрғызылып, елді мекеннің инженерлік қорғалу деңгейі айтарлықтай артты. Су тасқыны кезеңіндегі ықтимал қауіптерді бағалау мақсатында ТЖД өкілдері Қазгидромет мамандарымен бірлесіп облыс аудандарына комиссиялық шығулар жүргізуде.