Жетісу облысының Алмалы ауылында алғашқы ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды

Жетісу облысының Алмалы ауылында алғашқы ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды

 Жетісу облысы Қаратал ауданына қарасты Алмалы ауылында ауылдық жерлерде азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және нығайтуға бағытталған ведомстволық бағдарламасы аясында ерікті өрт сөндіру бекеті салтанатты түрде ашылды. Бұл нысан Жетісу облысында «Ауыл құтқарушылары» бағдарлама шеңберінде іске асырылған алғашқы өрт сөндіру бекеті болмақ.
Салтанатты іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың және Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысты.
Жаңа өрт сөндіру бекеті Алмалы ауылы мен оған іргелес екі елді мекенге қызмет көрсетеді. Бекет штатында 8 қызметкер, оның ішінде 4 өрт сөндіруші және 4 жүргізуші қарастырылған. Жеке құрам арнайы даярлықтан өтіп, өрттер мен өзге де төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге дайын.
Аталған нысанның іске қосылуы өрт шыққан жағдайда әрекет ету уақытын қысқартып, адам өмірі мен мүлікке төнетін қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Байшегір ауылдық округіне Алмалы, Дөңши, Ақжар ауылдары қарайды, жалпы халық саны 1300 адамды құрайды. Жаңа өрт сөндіру бекеті округ тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға елеулі үлес қоспақ.