Жетісу облысында шомылу маусымы аяқталды. Жазда демалушыларды өзіне тартатын су айдындары әрдайым жоғары қауіп көзі болып қала береді. Биылғы маусымның қорытындысы көрсеткендей: жағдай әлі де күрделі, алайда құтқарушылардың еңбегі нақты нәтиже беруде.
1 маусымнан бастап облыс су айдындарында шомылуға тыйым салынған орындарда 4 қайғылы жағдай тіркелді (2024 жылы – 5). Қайтыс болғандардың ішінде 2 бала бар. Сонымен қатар, құтқарушылар талай рет дер кезінде үлгеріп, жаз бойы 36 адамның, соның ішінде 13 баланың өмірін сақтап қалды.
Алдын алу жұмыстары барлық деңгейде жүргізілді. Маусым басынан бері 2,6 мыңнан астам рейд пен патрульдеу өткізілді, тұрғындарға 10 мыңға жуық жадынама таратылды. БАҚ пен әлеуметтік желілерде 300-ден астам материал жарияланып, телеарналарда 21 сюжет көрсетілді.
Инфрақұрылым мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыс аумағында ресми түрде 5 рұқсат етілген шомылу орны және 76 тыйым салынған учаске бекітілді. Алакөл мен Балқаш көлдерінің жағалауында, сондай-ақ Талдықорған қаласының коммуналдық жағажайында құтқарушылар күн сайын кезекшілік атқарып, жағалауды бақылауда ұстады.
Әкімшілік бақылау да маңызды рөл атқарды. Жазда судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 51 азамат жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 746 мың теңгеден асатын айыппұл салынды. Бұдан бөлек, көліктік бақылау инспекциясы шағын көлемді кемелерді пайдалану ережесін бұзғаны үшін 208 кеме иесін айыппұлға тартты.
Биылғы тәжірибе бір жайтты тағы да дәлелдеді: қайғылы оқиғалардың көбі жабдықталмаған жерлерде, демалушылар ескерту белгілеріне және қарапайым сақтыққа мән бермеген кезде орын алады.
Жетісу облысының ТЖ департаменті ескертеді: су салғырттықты кешірмейді. Тек ресми рұқсат етілген жағажайларды таңдаңыз және балаларды ешқашан қараусыз қалдырмаңыз. Балалардың қауіпсіздігі – ересектердің басты міндеті.
Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі